03.06.2009, 13:48 2522

Мәжіліс Қазақстан үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітті

Мәжіліс Қазақстан үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітті

Астана. 3 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста Қазақстан Республикасы үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Үкімет есебі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарында белгіленген макроэкономикалық көрсеткіштердің және үкіметтің 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді фискалдық саясатында белгіленген салық-бюджет саясаты бағыттарының болжамы негізінде әзірленген.

Үкімет өз есебінде инфляциялық үдерістерді реттеу жөнінде қабылданған шұғыл шаралардың нәтижесінде тұтыну нарығында бағалардың өсуі баяулатылғанын жазған. 2008 жылғы желтоқсандағы инфляция 2007 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 9,5 пайызды құрады, ол 2007 жылға қарағанда 9,3 пайыздық пунктке аз. Азық-түлік тауарларына бағалардың - 2007 жылғы 26,6 пайыздын 2008 жылы 10,8 пайызға дейін біршама төмендеуі белгіленді. Азық-түлік емес тауарларға бағалар - 2007 жылғы 15,4 пайыздан 2008 жылғы 11,4 пайызға дейін төмендеді.

Үкімет берген есебіне сүйенсек, экономикамен айналысатын халық санының іскерлік белсенділігін арттыру салдарынан 2007 жылы 7,7 млн. адамның орнына 2008 жылы 7,9 млн. адамды құрады. Бұл ретте 2008 жылы бір қызметкердің орташа айлық атаулы еңбекақысы 60 734 теңгені құрады, ол 2007 жылғы деңгейден 14,1 пайызға жоғары.

Еңбек нарығында жұмыссыздардың деңгейін азайту және халықтың ақшалай кірісін өсіру байқалды. Мәселен, 2008 жылғы төртінші тоқсанда жұмыссыздардың деңгейі 6,6 пайызды (2007 жылғы төртінші тоқсанда - 7 пайызды) құрады, есепті жылдың 11 айында халықтың нақты ақшалай кірісі 3,4 пайызға өсті.

Кеден статистикасының деректері бойынша 2008 жылдағы сыртқы экономикалық тауар айналымы (ұйымдастырылмаған сауда-саттықты есепке алмағанда) 109,1 млрд АҚШ долларына жетті және 2007 жылмен салыстырғанда 35,5 пайызға артты, оның ішінде экспорт - 71,2 млрд АҚШ доллары және тиісінше 49,0 пайыз, импорт - 37,9 млрд АҚШ доллары және 15,7 пайыз.

Ал Есеп комитеті берген мәліметке сүйенсек, 2008 жылы Қазақстан экономикасы сыртқы факторлардың келеңсіз ықпалына ұшырай отырып, қолайсыз жағдайда жұмыс жасады. Бұл республикалық бюджеттің есепті кезеңдегі сандық және сапалық көрсеткіштерінің атқарылуына өз әсерін тигізді.

2008 жылы жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі - ЖІӨ) бастапқы өсімі - 9 пайыз, ЖІӨ-ге шаққандағы республикалық бюджет шығыстары - 20 пайыз деңгейінде, мемлекеттік бюджеттің мұнайдан тыс тапшылығы 3-4 пайыз мөлшерінде болжанған болатын. 2008 жылы ЖІӨ іс жүзінде 3,2 пайыз өсіп, ЖІӨ-ге шаққанда республикалық бюджет шығыстары - 23,9 пайыз, мұнайдан тыс тапшылық 8,8 пайыз мөлшерінде қалыптасты.

Сонымен қоса, тұтыну бағаларының іс жүзіндегі индексі белгіленген межеден 1,5 пайызға асып, тауар экспорты 21,0 млрд АҚШ долларына ұлғайды, ал импорт 5,6 млрд АҚШ долларына азайған.

Алайда 2008 жылдың екінші жартысынан бастап, өнеркәсіптік өнім көлемінің және әлемдік нарықтағы шикізат бағаларының айтарлықтай төмендегені байқалды.

Осы жайттарды және әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықты ескере отырып, республикалық бюджет 2008 жылғы қазанда екінші рет нақтыланды. Соның нәтижесінде бюджеттің негізгі параметрлері мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауындағы басым бағыттарды сақтай отырып, қайта қаралды.

Республикалық бюджетті нақтылау кезінде кірістер негізінен Ұлттық қордан түскен трансферт түсімдері мен әкетілетін шикі мұнайға салынатын кедендік баждарды енгізудің нәтижесінде ұлғайған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны