12.12.2012, 11:20 29756

Мәжіліс ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екі оқылымда талқылап, құжатты мақұлдады.

Астана. 12-желтоқсан. Kazakhstan Today - ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екі оқылымда талқылап, құжатты мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Заң жобасы бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай баяндама жасады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екі оқылымда талқылап, құжатты мақұлдады.

Енді аталған заң жобасы Сенаттың қарауына жолданады.

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында елдің белгілі қайраткерлерінің есімі лайықты түрде есте қалдырылды. Физикалық-географиялық нысандардың, елді мекендердің тарихи атаулары қалпына келтірілді. Алайда соңғы жылдары жергілікті жерлерде түрлі әлеуметтік нысандарға есімі елге белгісіз тұлғалардың аттары беріле бастады. Мұндай олқылықтар ұлттық заңнамада кемшіліктердің орын алуы салдарынан туындаған болатын. Осыған орай, заң жобасын қабылдаудың өзектілігі ономастикалық комиссияларға оңтайлы жағдайлар жасау және олардың жұмысын реттеу қажеттілігіне байланысты болып табылады.

"Тәуелсіздік алғаннан бері көптеген елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылып, көп жағдайда тарихи шындық қайта оралып, ономастика саласында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіру, жүйелеу мақсатында, соңғы 5 жылда республикада ономастикалық мәселелерді жүргізуге, нысандарға атау беру мен оларды қайта атауға уақытша мораторий жарияланған болатын. Осы уақыт ішінде бірқатар мәселелер қордаланып, нәтижесінде ономастика саласының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру қажеттілігі туындап отыр", - дейді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай.

Министрдің айтуынша, заң жобасы бойынша ономастика саласындағы жұмысты жетілдіруге, ең алдымен, ономастикалық жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізу, қоғамдық пікірді ескеру, шешімдерді қабылдау үдерісінде азаматтық қоғам институттарын кеңінен тарту және барлық деңгейдегі ономастикалық комиссиялардың құзыреттілігін нақты белгілеу көзделеді. Бұдан бөлек, құжатта әлеуметтік нысандармен қатар республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы, облыстық маңызы бар қалалардағы көшелер, алаңдар мен скверлер атауларын тек Республикалық ономастикалық комиссияның келісімі арқылы ғана қайта атау мәселелерінің құқықтық тетіктері айқындалады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны