23.05.2007, 13:14 2621

Мәжіліс мәдени-тарихи мұраны қорғау мәселелеріне қатысты заңнамаға енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 23-мамыр. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Мәдени-тарихи мұраны қорғау және пайдалану мәселелеріне қатысты ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасы Қазақстандағы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалану мәселелерін реттейтін негізгі құқықтық тетіктерді қалыптастырады.

Заң жобасы еліміздегі мәдени-тарихи мұраны сақтау мен тиімді пайдаланудың нақты тетіктерін қалайды. Мәдени-тарихи мұра нысандарын сұрыптау принциптері мен тетіктеріне, тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізу мен одан шығару тәртіптеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қазіргі қолданыстағы заңда ескерткішті құқықтық мәртебесінен айыру мен мемлекеттік тізімнен шығару үкіметтің шешімімен іске асырылады. Онда да табиғи зілзала салдарынан бүлінген жағдайда. Ал жаңа заң жобасында нысан біржола жойылған немесе тарихи-мәдени маңызынан айрылған жағдайда ғана мәртебесінен айыру ұсынылып отыр. Бұл өзгерістер тізімді тазартуға, нысандардың жалпы санын азайту арқылы орларды сақтау сапасын арттыруға және тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауға мүмкіндік береді.

Заң жобасы бойынша бес заңнамалық актіге өзгерістер енгізу көзделген. Мәселен, Жер кодексіне қорғаудағы аймақтарды реттеу мәселесіне қатысты өзгерістер енгізілмекші. Сонымен бірге Жер кодексіне жерді пайдаланушыға бұрын игерілмеген аумақтар бөлінген жағдайда ол жерде міндетті түрде археологиялық зерттеулер жүргізуге міндеттейтін норма енгізілмек.

Заң жобасы сенаттың қарауына ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны