06.12.2006, 13:40 2991

Мәжіліс мемлекеттік шекараға қатысты мәселелер бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді мақұлдады

АСТАНА. 6-желтоқсан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның мемлекеттік шекарасына қатысты мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Заң жобасына қатысты депутаттардан қосымша ескертулер мен ұсыныстар келіп түскен жоқ",- делінген мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің түсініктемесінде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасымен үш кодекс пен екі заңға өзгерістер енгізілмекші. Мәселен, Икімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекске шекараны қорғау және күзет жұмыстары кезіндегі Шекара қызметі органдарының өкілеттілігі аясын нақтылайтын толықтырулар енгізіледі. Қазақстанның аумақтық және ішкі суларындағы минералды және тірі ресурстарды заңсыз өткізіп бергені үшін әкімшілік жауапкершілік жүктеуді қарастыратын бірқатар түзетулер енгізілмекші, сондай-ақ, елге келіп-кету тәртіптерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі қайта қаралуда.

"Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы" және "ҚР ҰҚК Шекара қызметі туралы" заңдарға "шекара кеңістігі", "жер белдігі", "шекаралық кеңістікті бақылау" секілді жаңа ұғымдарды айқындайтын түзетулер енгізіледі.

Бұған қоса ұрланған төлқұжаттарға қатысты мәліметтер базасын енгізуді көздейтін өзгерістер мен шекарашылардың шетелдік кемелерді тексеру мен тануға қатысты өкілеттіліктерін толықтыратын нормалар енгізілмекші.

Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны