11.10.2006, 18:35 3023

Мәжіліс микрокредиттік ұйымдар туралы заңға енгізілетін түзетулерді мақұлдады

АСТАНА. 11-қазан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Микрокредиттік ұйымдар туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Жаңа құжатты таныстырған еліміздің индустрия және сауда вице-министрі Асқар Баталовтың айтуынша, заң жобасының нормаларымен несиенің ең жоғары көлемін 1 мыңнан 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту ұсынылып отыр. "Өйткені, қазір шағын кәсіпкерлікті дамыту мен құруға қажетті шығындардың көлемі қолданыстағы заңда көрсетілген нормадан әлдеқайда асып кеткен".

Заң жобасында сондай-ақ "несиегер" ұғымының да аясын кеңейту ұсынылған. Вице-министрдің айтуынша, "қолданыстағы нұсқада бұл ұғым еркін бәсекелес нарықтың өмір сүру принциптеріне қайшы келеді".

Қазір шағын несиеге деген сұраныс өте жоғары, деді вице-министр. Оның айтуынша, "Микрокредиттік ұйымдар туралы" заң шыққаннан бері елімізде 24 млрд. теңгенің 77 мың несиесі таратылды.

Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны