23.09.2015, 13:54 4260

Мәжіліс "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заӊ жобасын мақұлдады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісініӊ пленарлық отырысында палата депутаттары "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заӊ жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Астана. 23 қыркүйек. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісініӊ пленарлық отырысында палата депутаттары "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заӊ жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" ҚР Заӊ жобасын Мемлекет басшысы айқындаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам - Ұлт жоспарыныӊ 80-қадамын іске асыру шеӊберінде әзірледі. Заӊ жобасын дайындау барысында үздік халықаралық тәжірибе мен әлеуметтік әділеттілік қағидалары қолданылды, деп хабарлайды strategy2050.kz тілшісі.

Заӊ жобасына сәйкес азаматтарға медициналық қызметтіӊ 2 түрлі пакеті ұсынылады:

Біріншісі - республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектіӊ мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанныӊ барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттіӊ құрамына жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маӊызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді.

2020 жылға дейін өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджеттіӊ есебінен амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған.

Екіншісі - жаӊадан құрылатын медициналық сақтандыру Қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған абулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маӊызды ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік маӊызды ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді.

Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі.

Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер - жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Жоғарыда аталған пакеттерге қосымша, ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасаған келісімшарт негізінде алатын болады.

Міндетті ай сайынғы жарналар мен ҚР ДСИДМ медициналық қызметтерді төлеу Комитетініӊ базасында медициналық қызметтерді сатып алуды топтастыру үшін коммерциялық емес акционерлік қоғамныӊ ұйымдастырушылық-құқықтық формасында әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры құрылатын болады. Қордыӊ құрылтайы әрі жалғыз акционері ҚР Үкіметі болмақ.

Ерекше санаттағы азаматтар (халықтыӊ әлеуметтік тұрғыдан осал тобы) үшін мемлекет төлейтін жарнаныӊ мөлшерлемесі орташа айлық еӊбекақыныӊ 7% құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеменіӊ көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады.

Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесініӊ жалпы көлемі кірістіӊ 5%-ын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2%-ды, 2018 жылы 3%-ды, 2019 жылы 4%-ды, 2020 жылы 5%-ды құрайтын болады. Аталған аударымдар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерілетін болады.

Қызметкерлер жарнасыныӊ мөлшерлемесі кірістіӊ 2%-ын құрайтын болады, аударым 2019 жылы 1%, 2020 жылдан бастап 2% болады. Бұл жарналар сомасы жеке табыс салығын есептеу кезінде шегерілетін болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасыныӊ мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардыӊ кірісініӊ 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны