04.10.2006, 14:04 3116

Мәжіліс Молдова мен Грузия елдерімен азаматтардың өзара барыс-келісі туралы келісімдерді бекітуді мақұлдады

АСТАНА. 4-қазан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Молдова, және Қазақстан мен Грузия азаматтарының өзара барыс-келісі туралы үкіметаралық келісімдерді бекіту туралы заңдардың жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Келісімдерде "тараптар мойындайтын жол құжаттарының тізімі, визасыз кіріп-шығу, мемлекеттік шекарадан транзитті өту тәртіптері, тұрақты тұрғылықты жеріне көшіп келу ережелері нақты айқындалған", делінген мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында.

"Келісімде тараптардың бір ел азаматтарының екінші жақтың аумағында болу мерзімін қысқарту немесе елге келуіне рұқсат бермеу құқығы қарастырылған",- делінген құжатта.

Қорытындыға сәйкес, "бір мемлекеттің аумағына 90 күннен артық уақытпен келген екінші жақтың азаматтары қабылдаушы мемлекеттің визасын алуға міндетті". "Бір мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын екінші мемлекеттің азаматтары қабылдаған мемлекеттің аумағына визасыз кіріп-шыға алады. Ол үшін олардың қолында олардың тұрақты тұрғатындығын растайтын құжаттары болуға тиіс",- делінген құжатта.

Грузиямен арадағы келісімге 2005-жылдың 3-қазанында Тбилиси қаласында, ал Молдовамен келісімге 2003-жылдың 17-қыркүйегінде Кишиневте қол қойылған.

"Қазақстан мен Молдова азаматтарының өзара барыс-келісі туралы үкіметаралық келісімді бекіту" және "Қазақстан мен Грузия азаматтарының өзара барыс-келісі туралы үкіметаралық келісімді бекіту туралы" заң жобалары сенаттың қарауына ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны