13.12.2006, 15:01 3742

Мәжіліс ойын бизнесі туралы заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. 13-желтоқсан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы" және "Ойын бизнесіне қатысты мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдардың жобаларын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мәжілістің экономикалық реформалар және аймақтық даму жөніндегі комитетінің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, депутатар тарапынан ұсынылған ұсыныстар мен ескертпелер "негізінен редакциялық сипатта және олар заң жобаларының жекелеген нормаларын жақсартуға және нақтылауға, сондай-ақ, оларды заңгерлік техника талаптарымен сәйкестендіруге байланысты". Сондай-ақ, "Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы" заң жобасында "ойын бизнесі орналасатын орын ретінде Қапшағай және Щучинск қаласы анықталды. Өйткені, Қапшағай су қоймасының оң жағалауы әкімшілік-аумақтық бірліктер санатына жатпайды",- делінген қорытындыда.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ""Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы" заң жобасында ойын бизнесі нысандарының орналасатын жері, қызметті жүзеге асыруға қатысты жалпылама талаптар, лицензия алуға қажетті квалификациялық талаптар, құмар ойындарына арналған нысандарға бару тәртіптері секілді нақты шаралар белгіленген",- деді заң жобасын депутаттарға таныстырған еліміздің қаржы министрі Наталья Коржова.

Ұсынылған заң жобасына сәйкес, Қазақстанда букмекерлік конторалар мен тотализаторлардың жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Ойынханалар мен ойын автоматтары залдары тек арнаулы аймақтарда ғана, атап айтсақ, Қапшағай су қоймасының оң жағалауы мен Ақмола облысының Щучинск ауданында ғана орналасады. "Оларды республиканың басқа аймақтарында орналастыруға заң жобасымен тыйым салынады",- деді министр.

Заң жобасының көмегімен сондай-ақ жабдықтардың санына да шектеу қойылмақ. Мәселен, ойынханада 20-дан кем емес үстел, ал ойын автоматтарына арналған залдарда 50-ден кеме емес автомат орнатылуға және олар жаппай сертификатталған болуға тиіс. Заң жобасы ережелеріне сәйкес, кассалар мен ойын орындары бейнежазба жүйелерімен жабдықталуға және ондағы ақпараттар 7-ден кем емес күн сақталуға тиіс.

"Лицензия алу үшін ойын бизнесін ұйымдастырушының иелігінде жеке меншіктегі немесе басқа да қандайбір заңды негізде ғимараты, жеке меншіктегі ойын жабдықтары, клиенттер мен құмар ойындары орындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзет қызметі болуға тиіс",- деді министр.

Сонымен бірге ойынхана немесе букмекерлік контораның қожайынының қолында қызмет түріне байланысты болып келетін ақшалай резерв қор болуға тиіс. "Ойынханалар мен ойын автоматтарына арналған залдар үшін бұл қор 26 млн. теңге, ал букмекерлік конторалар үшін 10 млн. теңге, тотализаторлар үшін 5 млн. теңге көлемінде болуға тиіс",- деді Н.Коржова.

Заң жобасында көрсетілгендей, әрбір ойын мекемесі лицензия алуға тиіс, лицензия мерзімі 10 жылмен белгіленеді.

"Ойын бизнесіне қатысты мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасымен Салық және Бюджеттік кодекстерге өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, ойын бизнесіне арнаулы салық енгізілмек. "Салық әрбір жабдық санына қарай төленеді. Бұған қоса мекеменің арнайы белгіленген минимумға үстеме тапқан кірісінен қосымша төлем алынады. Ол заңсыз жолмен тапқан кірісті "ақтап алуға" және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес мақсатымен енгізіліп отыр",- деді Н.Коржова.

Заң жобасымен құмар ойындарына қатысушыға рұқсат берілетін шектеу 21 жастан басталады.

Аталмыш заңдар 2007-жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне еннеді деп күтілуде.

Заң жобалары сенаттың талқысына ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны