05.09.2007, 15:25 3293

Мәжіліс өзінің отырыс залында фото және бейнетаспаға түсіруге тыйым салды

Мәжіліс өзінің отырыс залында фото және бейнетаспаға түсіруге тыйым салды. Палатаның бұл шешімі жайлы бүгін таңертең, жалпы отырыс басталардың алдында белгілі болды.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 5 қыркүйек. АСТАНА. Мәжіліс өзінің отырыс залында фото және бейнетаспаға түсіруге тыйым салды. Палатаның бұл шешімі жайлы бүгін таңертең, жалпы отырыс басталардың алдында белгілі болды, деп хабарлайды "ҚАЗАҚСТАН БҮГІН" агенттігінің тілшісі.

Тілшінің хабарлауынша, бүгін мәжіліс аппаратының қызметкерлері отырыс залына телеоператорлар мен фототілшілерді кіргізуден бас тартты, оны басшылықтың шешімі деп түсіндірді. Мәжілістің баспасөз қызметі телеарналар арасында келесі хабарламаны таратты:

"Операторлар тек мәжіліс үйінің фойесінде ғана сұхбат алып, бейнетаспаға түсіре алады. Отырыс кезіндегі депутаттардың сөзін тек конференц-залда орналасқан бейнемагнитофондардың көмегімен ғана жазуға болады... Бүгінгі күнде конференц-залында DVCPRO форматты екі және DVCАM форматты төрт магнитофон орнатылған. өкінішке орай, ол барлық телеарналардың қажеттілігін қамсыздандыру үшін жеткіліксіз. Қосымша техника сатып алынғанша мүмкіндігі барлар өз магнитофондарымен келулерін сұраймыз".

Мәжілістің баспасөз қызметі бұл шешімді палата басшылығы шығарғандығын ғана айтып, аталмыш шешімге қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Мәжіліс отырысынан кейін журналистердің өтініші бойынша палата спикері Аслан Мусин аталмыш шешімге түсініктеме берді.

"Шешім өткен шақырымдағы депутаттардың бастамасымен қабылданған",- деді ол.

"Бұл депутаттардың пікірі болған, маған хабарлауларынша, бұл мәселе бірнеше рет көтерілген... сондықтан да бұл депутаттардың қабылдаған шешімі. Мен бұл ұстаныммен келісемін немесе келіспеймін деп айта алмаймын, бірақ мен өзімнің әріптестерім қабылдаған шешімді сыйлаймын",- деп қосты А. Мусин.

Сонымен қатар мәжіліс төрағасы журналистердің орнатылған техникалардың сапасының төмендігіне қатысты танытқан наразылықтарын тыңдағаннан кейін, барлық техникалық проблемалар мен кемшіліктердің жақын арада жойылатындығына уәде берді.

"Егер техникалық жабдықтауға қатысты қандай да бір проблемалар болып жатса, біз оларды жоюға тырысамыз",- деп сендірді ол.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны