22.04.2010, 10:27 3208

Мәжіліс "Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады (толықтырылған)

Мәжіліс "Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады (толықтырылған)

Астана. 22 сәуір. Kazakhstan Today - Мәжіліс депутаттары кеше өткен жалпы отырыста "Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы туралы Иділет министрінің орынбасары Марат Бекетаев баяндады. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Камал Бұрхановқа қосымша баяндама жасады.

Қазақстан Республикасы бұрынғы КСРО республикалары елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып 1993 жылғы ақпанның 5-індегі Өнеркәсіптік меншік құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық шарттар туралы Қазақстан Республикасының декларациясында 1891 жылғы Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімінің біздің еліміздің аумағында қолданылуын жалғастыру туралы мәлімдеді. Осымен Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде Мадрид келісіміне бұдан әрі қатысуы расталды.

Мадрид келісімі тауар таңбасына қорғауды алу кезінде оның иесіне бірқатар артықшылықтар береді. Тауар таңбасын шетелде тіркеуге өтінімді беру рәсімі айтарлықтай оңайлатылады.

Сонымен қатар, таңбаларды халықаралық тіркеу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында 1989 жылғы 27 маусымда Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне 26 баптан тұратын Хаттама қабылданды. Аталған Хаттама Мадрид келісімі елдеріне тауар таңбаларды халықаралық тіркеуді қамтамасыз ету мақсатында өздеріне тиімді шарттарды таңдауға мүмкіндік беретін ережелерді енгізу арқылы елдердің шектеусіз аясы жүйесіне қосылу үшін бар құқықтық кедергілерді жою міндетін шешеді.

Хаттаманы ратификациялау негізінде, біріншіден, халықаралық тіркеуге өтінім ұлттық тіркеу түрінде, сонымен бірге ұлттық өтінім негізінде де жасалады. Осыған байланысты конвенциялық басымдықты сақтау рәсімі жеңілдетіледі. Бұл шарт көптеген елдердің өтінім берушілерінің көңілінен шықты. Себебі ұлттық заңнамалар негізінде тіркеу кейбір елдерде ұзақ уақыт алады. Ал тауар таңбасын тіркеу айтарлықтай еңбекті қажет етеді.

Екіншіден, Хатамаға қатысушы мемлекет жеке бажды (қосымша және қосылған баж орнына) белгелей алады. Бұл мемлекеттің кірісін арттыруға ықпал етеді.

Осы қорғау жүйесі көптеген кәсіпорындар, әсіресе шағын және орта кәсіпорындар үшін өздерінің тауар таңбаларын көптеген елдерде қорғауларына мүмкіндік беретін болады. Өзге жағдайда олар ешқашан өздерінің тауар таңбаларын халықаралық қорғауды қамтамасыз ете алмас еді. Бұл әділ бәсекеге және ұлттық әрі өңірлік және әлемдік деңгейде де экономикалық дамуға өз септігін тигізеді.

Қазіргі уақытта Мадрид жүйесіне 84 мемлекет қатысушы болып табылады. Оның ішінде 28 ел Мадрид хаттамасына, 6 мемлекет Мадрид келісіміне және әлемнің 50 мемлекеті Мадрид келіміне де, Мадрид хаттамасына да қосылған.

Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялаудың басты мақсаты отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ете алатын, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына өз септігін тигізе алатын тиімді шаруашылық жүйесін құру болып табылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны