30.06.2009, 14:49 3386

Мәжіліс төрағасы заң шығару қызметіндегі бірқатар кемшіліктерді атады

Мәжіліс төрағасы заң шығару қызметіндегі бірқатар кемшіліктерді атады

Астана. 30 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов бүгін қос палатаның бірлескен отырысында заң шығару қызметіндегі бірқатар кемшіліктерді атады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

"Парламенттің үкіметпен өзара іс-қимылын объективті түрде бағалай келіп, біз бүгін заң шығару қызметінде бірқатар кемшіліктердің бар екенін де жасыра алмаймыз",- деді ол.

Оның айтуынша, осы жұмыстағы олқылықтықтардың бірі - кейбір заң жобалары бойынша келісу рәсімінің тым созылып кететіні.

Мысалы, мәжіліс төрағасының айтуынша, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржылық ұйымдардың қызметін реттейтін мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Илеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары бойынша осы рәсім бірнеше айға созылды. Ал Қазақстанда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың "өмір сүріп жатқанына" үш жылдай болып қалғаны баршаға аян.

"Тағы бір ем қонбай келе жатқан "дерт" ол заң жобаларын әзірлеу кезінде ведомстволар арасында тиісті үйлестірудің жоқтығы, сондай-ақ заң жобаларын мәжіліске берген кезде әртүрлі мемлекеттік органдар арасында келіспеушіліктердің орын алуы. Сондықтан депутаттар заң жобасымен жұмыс істеумен қатар әртүрлі мемлекеттік органдарды мәмілеге келтірумен де айналысуға мәжбүр болады",- деді О.Мұхамеджанов.

Мәжіліске түскен кейбір заң жобаларының сапасы да ойдан шықпай жататыны белгілі.

"Осындай жобалардың мазмұнын депутаттардың 50-60 пайызға дейін қайта өңдеуіне тура келетіні жасырын емес. Мысал үшін "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы", "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын-үй коммуналдық сала мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және тағы басқа заң жобаларын келтіруге болады. Кейде тіпті Үкіметтен түскен негізгі заң жобаларына ілеспе заң жобаларын депутаттардың өздері әзірлеуіне тура келеді. Өйткені, онсыз қабылданған заң толыққанды жұмыс істей алмайды",- деді ол.

"Қанша айтылып жатса да, Үкіметтен түсетін заң жобаларының мемлекеттік тілдегі мәтінінің сапасы әлі де сын көтермей келеді, орыс тіліндегі мәтінмен сәйкессіздіктер де жиі орын алады. Тағы да айта кететін бір жағдай, Үкімет кейде депутаттардың принципті сипаты бар ұсыныстарын себепсіз қабылдамай жатады",- деді палата төрағасы.

Оның айтуынша, мысалы, үкімет "Жеке қосалқы шаруашылық туралы" заң жобасына депутаттар енгізген түзетулерді қолдамады. Ал бұл заң жобасы депутаттардың ұсыныстарынсыз қабылданған жағдайда ауыл шаруашылығы мен ауыл тұрғындарының тұрмысына кері әсерін тигізген болар еді. Сондықтан Үкімет 3,5 жылға созылған сергелдеңнен кейін заң жобасын кері қайтарып алуға мәжбүр болды. Мұндай мысалдардың тағы да бірнешеуін келтіруге болады.

"Бұл заңнамалық реттеу мәселесінде кешенді көзқарастың жоқ екенін көрсетеді. Қандай да болсын заң жобасын әзірлегенде оған байсалды негіздеменің болуы, мақсатқа сай талдау жасаудың қажеттілігі туралы бұрын да талай рет айтылған болатын",- деді ол.

О.Мұхамеджановтың айтуынша, "Ғарыш қызметі туралы" заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырыстары барысында депутаттар оның көптеген нормаларының құқық салмағы жоқ екенін атап көрсетті. Отандық космонавтика мен ғарыш ғылымына ешбір жаңалық енгізбейтінін, ғарыш объектілерін ұшыру кезінде қауіпті жағдайлар мен зиянды әсерлерге ұшырап отырған халқымызды әлеуметтік қорғау мәселелерін шешпейтінін дәлелдеп берді. Бұл заң жобасын да үкіметтің 2 жыл өткен соң кері қайтарып алудан басқа амалы қалмады".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны