20.06.2007, 13:32 1174

Мәжіліс төтенше жағдайлар саласындағы заңнамаға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 20-маусым. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "ҚР төтенше жағдайлар саласындағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Заң жобасы төтенше жағдайлар, өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органның және мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметі органдарының атқаратын функциясын нақтылау үшін жасалған",- делінген мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Атап айтсақ, "Өрт қауіпсіздігі туралы" заңға өрт-техникалық оқу орындарының курсанттарының жағдайы мен азық-түлік қамтамасыздығын айқындайтын нормалар енгізіліп, мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметі органдарының кіші және орта деңгейлі басшылығынан үміткерлерге қойылатын талаптар белгіленіп, мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметі қызметкерлерінің материалдық жауапкершілігі енгізіледі.

Сонымен бірге заң жобасы нормаларымен өнеркәсіптік қауіпсіздік және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау функциялары ретке келтіріледі. "Мемлекеттік инспектор" ұғымы енгізіліп, оның құқығы мен міндеттері айқындалады.

Заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін мәжілістің салалық комитетіне берілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны