24.04.2013, 15:51 4616

Мәжіліс зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Аталған заң жобасы негізінен Қазақстандағы зейнетақы жүйесін жаңғыртуды көздейді. Бұл ретте құжат бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру қарастырылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы мен акционері ел Үкіметі болса, оның зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады.

Астана. 24-сәуір. Kazakhstan Today - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Енді құжат Парламент Сенатына жолданатын болады.

Аталған заң жобасы негізінен Қазақстандағы зейнетақы жүйесін жаңғыртуды көздейді. Бұл ретте құжат бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру қарастырылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы мен акционері ел Үкіметі болса, оның зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. Бұдан бөлек заң жобасының шеңберінде ауыр және қауіпті өндіріс жағдайында жұмыс істейтін адамдар үшін міндетті санатқа еңбекақы төлеу қорынан 5 пайыз мөлшерінде ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару қарастырылады. Бұл ретте жұмыс берушіге жүктеме көбеймейді.

Заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі - әйелдердің зейнеткерлік жасын біріздендіру мәселесі. Бұл ретте заң жобасында қамтылғандай зейнеткерлік жасты көтеру 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасты жыл сайын 6 айға ұлғайта отырып, біртіндеп 10 жылдың ішінде жүзеге асыру көзделеді.

Тоқтала кететін жайт, заң жобасын екінші оқылымда қарау барысында депутаттар зейнеткерлік жасты ұлғайту бойынша бірқатар түзетулер енгізген болатын. Атап айтқанда, депутаттар зейнеткерлік жасты ерлерге 65 жасқа дейін және әйелдерге 61 жасқа дейін; әйелдерге 2014-2017 жылдар аралығында кезең кезеңімен алпыс жасқа дейін, ал 2016-2026 жылдар аралығында алпыс үш жасқа дейін; әйелдерге 2014-2028 жылдар ішінде кезең кезеңімен жылына төрт айға көтере отырып, алпыс үш жасқа дейін ұлғайтуды ұсынған болатын. Сондай-ақ әйелдердің зейнеткерлік жасын туылған бала санына қарай белгілеу де ұсынылды. Алайда, ҚР Үкіметі бұндай ұсыныстарға теріс қорытынды беруіне байланысты Бас комитет осы түзетулерді заң жобасының тұжырымдамасына қайшы келетіндігіне орай қолдамаған. Бұдан бөлек, тағы бірқатар ұсыныстар заң жобасының тұжырымдамасына қайшы келетіндіктен Үкімет тарапынан қолдау таппады.

Сонымен бірге депуттатар бес және одан да көп бала туған (тәрбиелеген, қорғаншылыққа алған) әйелдердің зейнеткерлікке ертерек шығуын көздейтін түзетулер енгізді. Депутаттардың бұл ұсыныстарын Қазақстан Республикасының Үкіметі қолдамады, өйткені олар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне іс жүзінде қатысу өтілін көбейтуді қамтамасыз етпейді және бюджеттің шығыс бөлігінің ұлғаюына әкеледі. Алайда, депутаттар бастамашы болып отырған түзетулердің өзектілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі осы ұсыныстарды Мемлекет басшысының балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жоспарланып отырған шаралар шеңберінде қарастыратын болады.

Депутаттар міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен 2014 жылы 5%-дан бастап, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 10%-ға дейін жеткізуді ұсынды. Бұл ұсыныс мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің ысырабын болжайтындықтан, Үкімет мұны қолдамады. Сонымен қатар, ҚР Үкіметі ұсынып отырған нормаларды іске асыру практикасының нәтижелерін зерделеуді ескере отырып, жарналардың мөлшерлемелерін көтеру туралы мәселені қосымша қарастыруды көздейді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны