24.06.2015, 11:20 3532

Мәжіліс зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жөнінде заӊ жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Астана. 24 Маусым. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісініӊ пленарлық отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасыныӊ зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір заӊнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заӊыныӊ жобасын (бұдан әрі - заӊ жобасы) бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Аталған заӊ жобасы ҚР Президентініӊ 2014 жылғы 18 маусымдағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасыныӊ зейнетақы жүйесін одан әрі жаӊғыртудыӊ 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасыныӊ негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заӊ жобасында:

1. Базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау тәртібін өзгерту қарастырылған.

2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнеткерлік жасқа жеткен кезде базалық зейнетақы төлемдерін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындау көзделіп отыр. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан кем болған жағдайда еӊ төменгі күнкөріс деӊгейініӊ 50% мөлшерінде белгіленеді, 10 жылдан асқаннан кейін әр жылға мөлшері 2% ұлғаяды және өтілі кемінде 35 жыл болса, еӊ төменгі күнкөріс деӊгейіне теӊ болады.

2. Қосымша 5% мөлшерінде жұмыс берушініӊ міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) белгілеу есебінен зейнетақы жүйесініӊ жаӊа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу көзделген.

Бұл жарналар азаматтардыӊ меншігі болып саналмайды және әрбір қызметкердіӊ Бірыӊғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған шартты зейнетақы шотында тіркелетін болады.

Мұндай зейнетақы төлемдеріне құқық атына шартты зейнетақы шоты ашылған, кемінде 60 айға ЖМЗЖ аударылған, зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі мерзімсіз боп белгіленген І және ІІ топтардағы мүгедектерге беріледі.

Зейнетақы өмір бойы төленеді және мұраға қалдырылмайды. Жыл сайын зейнетақы мөлшерлері БЖЗҚ экономикалық мүмкіндіктеріне және демографиялық көрсеткіштеріне қарай индекстелетін болады.

3. Жекелеген санаттағы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру қарастырылады.

2016 жылдыӊ 1 қаӊтарынан бастап күш құрылымдарыныӊ барлық қызметкерлерін толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға көшіру көзделген.

Ұсынылып отырған шаралар жиынтық зейнетақыныӊ экономикадағы орташа айлық жалақымен арасалмағын Халықаралық еӊбек ұйымы ұсынған (40% кем емес) деӊгейде қамтамасыз етуге және сақтауға мүмкіндік береді.

Заӊ жобасы қабылданған жағдайда әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарларға әкеп соқпауы тиіс.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны