01.03.2007, 15:19 3879

Мәжіліс жала жабу мен күш көрсетуге байланысты жауапкершілікті күшейту жөніндегі заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 1-наурыз. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Жала жабу және күш көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бұған дейінгі жалпы отырыста талқылану барысында депутаттар жасаған ұсыныстар толық ескерілді",- деді осы заң жобасы бойынша мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тінікеев. Атап айтсақ, депутаттың түсініктемесіне сәйкес, жұмыс тобы қоғамдық-саяси шаралар кезінде жала жабуға байланысты жауапкершілікті күшейту қарастырылған норманы алып тастады.

Заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін мәжілістің салалық комитетіне жолданды.

Естеріңізге сала кетейік, "Жала жабу және күш көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын Ішкі істер министрлігі әзірлеп, сессияның басында парламентке енгізген. Алайда, құжатты қарағаннан кейін, бірқатар депутаттар оны қабылдаудың орындылығына күмән келтірді, себебі олар жобада қарастырылған нормалар Конституцияға қайшы деген пікірге келген. Сол себепті заң жобасы мәжілістің салалық комитетіне толықтыруға ұсынылды.

Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулермен қоғамдық-саяси іс-шаралар кезеңінде жала жапқаны үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылған болатын. Заң жобасын әзірлеуші Ішкі істер министрлігі қоғамдық-саяси іс-шаралар кезінде "жағымсыз құқықтық залал-зардаптар деңгейінің өсіп бара жатуына байланысты" осындай норманы қабылдау орынды деп түсіндірді.

"Сонымен қатар жалпыға бірдей арналған, сондай-ақ, діни сенім-наным иелерінің намысына тиетін ақпараттары бар үнпарақтар, плакаттар, суреттер, аудио және бейнеөнімдерді пайдалану арқылы келемеждеп кемсіткені үшін қылмыстық жауапкершілік жүктеу" ұсынылған.

Сонымен қатар, "қоғамдық тәртіпті сақтау немесе қоғамдық тәртіп бұзудың алдын-алуға қатысты міндеттерін атқарушы" билік өкілдеріне күш көрсеткені немесе қорқытқаны үшін жауапкершілік белгілеу жоспарланған болатын.

Сондай-ақ, Икімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін тағайындалатын жауапкершілік жүктеу жөнінде ереже енгізу ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны