19.05.2014, 20:15 14771

Мәжілісте Төтенше жағдайлар министрлігінің 2013 жылдағы және 2014 жылдың І тоқсанындағы қызметінің қорытындылары талқыланды

Мәжілісте "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы 2013 жылдағы және 2014 жылдың І тоқсанындағы қызметінің қорытындылары туралы" деген тақырыппен Үкімет сағаты өтті.

Алматы. 19 мамыр. Kazakhstan today. Бүгін Мәжілісте "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы 2013 жылдағы және 2014 жылдың І тоқсанындағы қызметінің қорытындылары туралы" деген тақырыппен Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігінде Үкімет сағаты өтті.

"Елбасының "Қазақстан - 2050" Стратегиясында халықтың әлеуметтік қауіпсіздігі және оның тұрмыс жағдайы әлеуметтік саясаттың басты бағыты ретінде айқындалды.

Жолдауда қойылған талаптарға сәйкес, Төтенше жағдайлар министрлігіне бірқатар мемлекеттік міндеттер қойылған және іске асып келеді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою және болдырмау сұрақтары әрқашан депутаттар назарында.

Осы жылдың сәуір айында "Азаматтық қорғау туралы" негізгі және ілеспе заңдары қабылданды.

Бұл заңдар жобасы көп талқылаудан өтті, талай пікірлер айтылды. Халыққа қажет заңға Елбасы қол қойып, күшіне енді.

Енді, осы заңдар негізінде бірқатар нормативтік актілерге өзгерістер енгізу қажет болады",- ген вице-спикер баяндама жасау үшін сөз кезегін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкоға берді.

Министр өз сөзінде жуырда қабылданған "Азаматтық қорғау туралы" заңды іске асыру Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуы жөніндегі "Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты ел Президентінің Қазақстан Республикасы халқына кезекті Жолдауында қойылған міндеттерге қол жеткізуге ықпалын тигізетінін атап өтті.

Сондай-ақ бизнеске әкімішілік қысымды азайтуға аса назар аударылатыны атап өтілді. 1 қаңтардан бастап тексерулер қорытындылары бойынша аз дәрежелі тәуекелге ауыстыру немесе тексерулерден босату түрінде бизнесмендерді ынталандыру практикасы енгізілді. 103422 кәсіпкерлік объектіні тексеру тоқтатылды, ал бұл барлық бақылаудағы жеке кәсіпкерліктің 65%-ы. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тексерулер саны 46%-ға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында - 42%-ға азайтылды.

Қазақстан Респубикасы Кәсіпкерлер ұлттық палатасымен Кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Министрліктің аумақтық бөлімшелері рұқсат беру рәсімдерін қысқарту, бизнеске қысымды азайту жөнінде, мемлекеттік қызметтер көрсету, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында рұқсат беру құжаттарын беру тәртібін түсіндіру мәселелері жөнінде кәсіпкерлермен кездесу жүргізеді. I тоқсанда 102 "дөңгелек үстел", кездесу, кеңес өткізілді, оған 1035 кәсіпкер, жергілікті атқарушы органдарының, прокуратурасының, бизнес қоғамдастықтарының өкілі қатысты.

2013 жылы ТЖМ күштері 6748 адамды құтқарды, ТЖ аймағынан 6651 адамды эвакуациялады, 3667 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Құтқарушылар азаматтарға көмек көрсету үшін жыл бойына әрбір тәулікте 100-ден 450-ге дейін шақыруларды жүзеге асырды. 2012 жылмен салыстырғанда жұмыс нәтижесінен табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ 17,6%-ға, оның салдарынан зардап шеккендер-13,3%-ға, қаза болғандар - 15,9%-ға азайды. Ағымдағы жылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша төтенше жағдайлардан қаза болғандар 16,6%-ға, зардап шеккендер 7,1%-ға азайғаны байқалады.

Қыс мезгілінде құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен және мүдделі ведомстволармен бірге республика жолдарында 14423 адам мен 5366 бірлік автомобиль техникасын эвакуациялады.

Көктемгі тасқын суларды өткізуге дайындық алдын ала жүргізілді. Жалпы саны 4455 адам, 833 бірлік техника, соның ішінде азаматтық қорғаныстың екі полкі (257 адам және 33 бірлік техника), 119 жүзу құралдары, құтқару жасақтары (3561 адам және 777 бірлік техника), апаттар медицинасы орталығы (64 адам және 22 бірлік техника) күштері мен құралдарының топтамасы құрылып, жоғары әзірлікке келтірілді.

2014 жылғы наурызда "Көктем-2014" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында шұғыл ден қою күштері мен құрылымдарының әзірлігі тексерілді, оған АҚ және ТЖ 973 құралымы, 11074 қызметкер және 3176 бірлік техника қатысты.

2014 жылғы 10 қаңтардан бастап 24 наурыз аралығындағы кезеңде тасқынға қарсы режимде Көксарай су реттегіші жұмыс істеді, қазіргі таңда онда жиналған су көлемі 3 млрд.м3 құрайды.

2014 жылғы 3 сәуірден бастап Есіл өзенінің тасқын суларынан Астана қаласын қорғау кешені тасқыннан қарыс режимде жұмыс істейді, Астана (Вячеславск) су қоймасы арнасынан 120 млн.м3 астам мөлшердегі асып кеткен су аталған кешен сыйымдылығына қайта құйылды.

Апаттар медицинасы және санитариялық авиациясы жүйесін дамыту жалғасуда. Апаттар медицинасы орталығы есепті кезеңде 3305 шығу жасады, 4054 зардап шеккенге медициналық көмек көрсетті, емдеу мекемелеріне 1213 адамды жатқызды. Республикалық маңызы бар авариялы автомобиль жолдары учаскелерінде жұмыс істеп жатқан 12 күре жол медициналық-құтқару пункттеріне қоса тағы 14-і пайдалануға берілген. Олардың күштерімен есепті кезеңде 903 шығу жүзеге асырылды, 2680 зардап шеккенге көмек көрсетілді, 776 емдеу мекемелеріне жатқызылды.

"Саламатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарлама шеңберінде санитариялық авиацияны дамыту мақсатында 14 ЕС-145 тікұшағы мен 2 Ка-32 тікұшағы сатылып алынды. Тікұшақтар еліміздің әр облыстық орталықтарында тәулік бойы кезекшілікте болады. Былтыр олар 255 ұшу жасады, емдеу мекемелеріне 222 пациент жеткізілді, 227 адамға дәрігерлер консультация берілді, 7 шұғыл операция жасалды.

Үш медициналық пойыз 2013 жылы барлық облыстардың 300 шалғай станциясы 64418 тұрғынының денсаулығын тексерді. 2014 жылғы I тоқсанда "Денсаулық" медициналық пойызы 4 ақпаннан 31 наурыз аралығында 41 күні жұмыс күнінің ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының 24 станциясы мен жақын орналасқан елді мекендердің халқына медициналық көмек көрсетті, дәрігерлер 4738 адамды, оның ішінде 587 баланы қарады, 50044 диагностикалық зерттеу жүргізді, 41 кіші амбулаториялық операция жасады, 2 телемедициналық консультация берді. Апаттар медицинасының теміржол госпитальдарында 2013 жыл ішінде 57258 ауру емделді, 2 млн. адам қаралды, 12361 операция жасалды.

ТЖМ тез ден қою күштерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2013 жылы 4 бірлік ЕС-145 тікұшақ, 166 бірлік өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасы сатып алынды.

Еліміздің барлық аумағында тегін бірыңғай құтқару "112" телефон нөмірі жұмыс істейді, ұялы байланыс операторлары арқылы СМС-хабарламалар көмегімен ТЖ қатері (жолдарды жабу, қар құрсауы, борандар) туралы халықты ақпарлау ұйымдастырылды.

Көкшетау техникалық институтына оқуға үміткерлерді іріктеу, кадрларды ілгерілету резервін құру, қайта даярлау сапасы артты. Министрлік қызметкерлері тұрақты негізде Көкшетау техникалық институтында, Ақтөбе өңірлік орталығында, Азаматтық қорғаудың республикалық оқу-әдістемелік орталығында біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстардан өтеді. Беларусь ТЖМ қайта даярлау институтында біздің офицерлер мен қызметшілер белсенді оқытылуда, барлығы 252 адам, 99 курсант Мәскеу, Санкт-Петербург және Минск қалаларындағы ТЖМ институттарында оқуда.

Жер-жерде оқытудың интерактивті әдісі қолданылады, оның шеңберінде оқушылар дүлей зілзалалар, өрттер мен басқа төтенше жағдайлар кезінде жүріс-тұрыс қағидасын зерделейді. Есепті кезеңде 30-40 мектепте бір уақытта бір сабақта 1500 оқушыны қамти отырып, 1303 интерактивті сабақ ұйымдастырылды.

Жеке құрамның дене даярлығына айтарлықтай көңіл аударылады. ТЖМ қысқы және жазғы спартакиадалары өтті, Министрліктің 17 қызметкері Қазақстан құрама командасының мүшелері болып табылады, соның ішінде халықаралық сыныпты 10 спорт шебері бар. Халықаралық Федерациясының шешімі бойынша биылғы қыркүйекте Алматы қаласында өрт сөндіру-қолданбалы спорт бойынша 10-шы әлем чемпионаты өткізілетін болады.

ҚР ТЖ министрі сөз соңында ТЖМ қызметінің ТЖ алдын алу және оларды жоюдың мемлекеттік жүйесін нығайтуға, дүлей зілзалаларға, аварияларға және апаттарға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын және олардың қауіп-қатерін басқару жүйесін дамытуға, қажетті авариялық-құтқару техникасымен және жабдығымен тез ден қою күштерін жинақтауға, сондай-ақ осы саладағы мониторинг пен болжаудың тиімді жүйесін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин аталған тақырыпқа қосымша баяндама жасады.

Тақырыпқа қатысты депутаттар министрге сұрақтар қойып, өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко: Министр мырза маңызды баяндама жасап, министрлік қызметінің негізгі бағыттары туралы толық ақпарат берді. Өткен жылғы Үкіметтік сағатта берілген ұсыныстардың орындалуы туралы да айтып өтті.

Министрлік өз міндетін лайықты орындап, көп жұмыстар атқарып келеді. Баяндамада, төтенше жағдайда қаза болу, жарақат алу 2012 жылмен салыстырғанда төмендеген. Бірақ, әлі де атқаратын жұмыстар көп. Жұмыс болған соң, кемшілікте болады. Басында айтып өткендей, жақында Елбасы "Азаматтық қорғау туралы" заңдарға қол қойып, қолданысқа берілді.Бұл заң бір жарым жылға жуық қаралды. Талай пікірлер айтылды. Бүгінгі Үкіметтік сағат та орынды өтіп отыр. Себебі жұмыстар әлі де жалғасады. Енді, министрлік алдында осы салада қажетті бірқатар актілерге өзгерістер енгізу жұмыстары тұр. Депутаттық корпус бұл саланың дамуына әрқашан заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетеді,- деп сенемін.

Отырыс қорытындысы бойынша, Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалды және осында айтылған ұсыныстар толық ескеріледі",- деп қорытты.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны