27.05.2010, 16:00 3767

Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында мемлекеттік мүлік, "электрондық үкімет", сақтандыру мәселелеріне қатысты заң жобалары талқыланды

Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында мемлекеттік мүлік, "электрондық үкімет", сақтандыру мәселелеріне қатысты заң жобалары талқыланды

Астана. 27 мамыр. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен осы палатаның кезекті жалпы отырысында мемлекеттік мүлік, "электрондық үкімет", сақтандыру мәселелеріне қатысты заң жобалары мақұлданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы отырысқа шолу жасаған мәжілістің баспасөз қызметінің маманы Айбатыр Сейтақтың хабарлауынша, дәстүр бойынша депутаттар бірқатар лауазым иелеріне сауалдар жолдады.

Жалпы отырыста "Мемлекеттік мүлік туралы" заң жобасы бірінші оқылымда талқыға салынды. Депутаттар алдында заң жобасының мақсаты туралы ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Қуандық Бишімбаев баяндама жасады. Ал Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Елена Тарасенко қосымша баяндама жасады.

Заң жобасының мақсаты мемлекеттік мүлікке мемлекеттік құқықты жүзеге асыру процесінде қалыптасатын қатынастарды реттейтін құқықтық негіздерді, принциптер мен ережелерді бекіту жолымен мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы заңнаманы, сондай-ақ оның тиімді пайдалануын бақылау жөніндегі қатынастарды жетілдіру болып табылады.

Заң жобасы мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті басқарудың құқықтық негіздерін, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мүлікті және мемлекетке тиесілі акцияларды және жарғылық капиталдағы үлесті, мемлекеттің ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен стратегиялық объектілерге ықпалының аясын айқындайды.

Заң жобасын жұмыс тобында талқылау барысында депутаттардан 500-ден астам түзетулер келіп түскен. Комитет түзген қорытынды салыстырма кестеге 523 түзету енгізілген.

Аталған заң актісі және соған сәйкес кейбір заңдарға түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы бүгін бірінші оқылымда мақұлданды. Енді Елена Тарасенко жетекшілік ететін жұмыс тобы заң жобасын екінші оқылымға дайындайды.

Осы күні "Дөңгелекті көлік құралдарына, дөңгелекті көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен бөлшектерге арналған біркелкі техникалық ұйғарымдарды қабылдау туралы және осы ұйғарымдардың негізінде берілетін ресми бекітуді өзара мойындау шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы талқыға салынды. Сондай-ақ "Дөңгелекті көлік құралдарын мерзімді техникалық байқауға арналған біркелкі талаптарды қабылдау туралы және осындай байқауларды өзара мойындау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылды. Ұқсас екі заң жобасы да толықтай мақұлданды.

Палатаның жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының "электрондық үкіметін" дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда талқыға түсті. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Шавхат Өтемісов баяндама жасады. Айта кету керек, осы заң жобасы ағымдағы жылғы сәуірдің 21-і күні бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұл заң жобасының мақсаты - ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді реттейтін құқықтық нормаларды белгілеу жолымен "электрондық үкімет" жүйесін дамыту. Сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерінде мемлекеттік басқару сапасы мен тиімділігін арттыру және олардың ашықтығын қамтамасыз етуді көзейді.

"Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында "электрондық үкіметті" дамыту, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалану кезінде мемлекеттік тілдегі ақпараттың көлемін айқындау, сондай-ақ бағдарламалық өнімдерді интерфейспен (ақпараттық жүйені бейнелеумен) мемлекеттік тілде енгізу мәселелеріне қатысты нормаларды жақсарту және нақтылау жөнінде ұсыныстар келіп түсті. Заң жобасы бойынша келіп түскен барлық ұсыныс жұмыс тобының отырысында, комитеттің кеңейтілген отырысында мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жан-жақты қаралып, талқыланды және қорытынды салыстырма кестеде көрсетілді",- деді Шавхат Өтемісов. Заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жіберілді.

Келесі кезекте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы да екінші оқылымда талқыға салынды. Бұл жөнінде Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сейітсұлтан Ийімбетовтың мәліметі тыңдалды. Бұл заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитеті қорытынды шығарды.

Заң жобасының негізгі мақсаты жинақтаушылық өмірді сақтандыруды дамыту үшін Қазақстан Республикасының сақтандыру заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттілігі, сақтандыру делдалдығы қызметінің нақты құқықтық негіздерін белгілеу, сақтандыру статистикасының толыққанды бірыңғай базасын қалыптастыру жолымен тарифтік саясат мәселелерін шешу, отандық практика мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, сақтандыру нарығының инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берген. Осы заң жобасы бойынша келіп түскен барлық ұсыныстар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он бір отырысында талқыланды. Жұмыс тобына 200-ден астам ұсыныс келіп түскен. Оның 186 позициясы қабылданған, қалған түзетулерді бастамашылар талқылау барысында алып тастаған.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Регламентінің 38-тармағына сәйкес заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар нақтылау сипатындағы үш түзету енгізген, оларғажұмыс тобының мүшелері қолдау білдірген. Заң жобасына ұсынылған түзетулер салыстырма кестеге енгізілген. Бұл заң жобасына қатысты да депутаттар толықтай мақұлдау жөнінде ортақ шешімге келді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны