02.08.2007, 10:33 2864

Мемлекет басшысы Алматы облысындағы бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарын аралап көрді

АЛМАТЫ. 2-тамыз. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Алматы облысына жұмыс сапары аясында Қарасай және Жамбыл аудандарының бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарын аралап көрді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің туып-өскен жері Қарасай ауданының Шамалған ауылындағы орта мектеп-гимназиясында болды.

Таяуда пайдалануға берілген жаңа мектеп-гимназия соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталған, сондай-ақ бассейн, спорт және мәжіліс залдары, компьютерлік сыныптармен және шеберханамен қамтылған.

Мемлекет басшысы мектепке "интерактивті" тақта тарту етті, оның көмегімен түрлі слайдтар мен бейнематериалдарды көруге, нақты уақыт режимінде сурет немесе мәтінге өзгерістер енгізуге және оларды алдағы уақытта редакциялау, басып шығару, факс немесе электрондық пошта арқылы жіберу үшін компьютерлік құжат ретінде сақтауға болады.

"Мұндай деңгейдегі мектеп құрылысын салу - Қазақстанның табысты дамуы мен мемлекеттің білім саласына ұдайы көңіл бөлуінің нәтижесі екені сөзсіз", - деп атап өтті президент.

Елбасы, 2007 жылғы мемлекеттің білім беруге жұмсаған шығыны 2,2 есеге өскендігін атап өтті. Алдағы бес жылда бұл көрсеткіш екі есеге өседі. Жер-жерлерде қолданыстағы мектептер жаңаланып, жаңа мектептер салынуда. Еліміздің барлық мектептері компьютермен жабдықталған. Олардың 90 пайызға жуығы Интернетке қосылған. Елімізде алдағы жылдары 250-ден астам жаңа мектептер, 50 кәсіби-техникалық оқу орындары салынады.

Президент, Қазақсатнның бәсеке қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын жүзеге асыру жағдайында жоғарғы білім стандарттарының маңыздылығын атап көрсетті. "Өсіп келе жатқан ұрпақ бәсекеге қабілетті білім алуға тиіс",- деді Н. Назарбаев.

Соныменқатар, мемлекет басшысы Шамалған ауылындағы жаңа ауруханаға барып, ересектер мен балаларға арналған аурухананың, емдеу бөлімшелері мен зертханалардың ғимараттарын қарап шықты.

Президент осы күні 19-ғысырдың ақыны Сүйінбай Аронұлының Жамбыл ауданының Қаракестек аулындағы кесенесі мен Жамбыл ауылындағы Жамбыл Жабаевтың әдебиет-мемориалдық мұражай кешеніне барып қайтты. Мемлекет басшысы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Жамбылдың мұражай үйіндегі экспонаттармен танысты. Сонымен қатар, Н. Назарбаев атақты қазақ сазгері Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық кешеніне барды.

Ұзынағаш ауылында Н. Назарбаев жуықта орнатылған Қарасай батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны