24.07.2008, 17:09 2857

Мемлекет басшысы Алматыда жаңа ғимараттарды ығы-жығы сала беруді доғаруға пәрмен берді (толықтырылған нұсқасы)

Мемлекет басшысы Алматыда жаңа ғимараттарды ығы-жығы сала беруді доғаруға пәрмен берді

Алматы. 24 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда жаңа ғимараттарды ығы-жығы сала беруді доғаруға пәрмен берді. Бұл туралы президент Алматы облысына жұмыс сапары кезінде журналистерге құлағдар етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Алматыда біз әкіммен бірге қалада ығы-жығы құрылыс сала беруді доғару, ол үшін ашық аумақтарды балабақшалар мен оқушылар сарайларын бұзу арқылы иемденуді тыю жөнінде сөз қозғадық. Өткен жылдарда су тегін түскен ақшаға жерді оңды-солды үлестіре беруден болып қалада құрылыстың көбейгені соншалық, тіпті жүретін жол қалмай барады", - деді Н. Назарбаев.

"Мен әкімге қаланың әсіресе ескі орталық бөлігінде ғимараттардың тығыздығын арттыра беруді доғаруға тапсырма бердім. Қазір біз жаңа Алатау ауданын аштық, оған барлық депрессивті ауылдар енеді. Қалада құрылыс салғысы келгендер сол жаққа барсын, онда бос жатқан жерлер бар", - деді ол.

"Қалада экологиялық ахуалды жақсарту керек. Мен осыдан екі жыл бұрын Үлкен және Кіші Алматы өзендерін бойлай және Іле Алатауына жататын Ұлттық саябақта халықтың бара алуы үшін кез-келген құрылысты тоқтату, қоршауларды алу, өзендерді тазарту жөнінде тапсырма бергем", - деді президент.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2007 жылдың 15 қарашасында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Алматы қаласы мен облысында заңсыз құрылыс салуға жол бергендері үшін Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовке қатаң сөгіс жариялаған болатын.

"Алматыда заңсыз салынған құрылыстардың мәселесі ел заңдарын озбырлықпен белден басудың кесірі, ол үшін ұзақ уақыт бойы ешкім жауапкершілік жүктеген жоқ", - деді президент. "Облыс әкімі С.Үмбетов пен Алматы әкімі И.Тасмағамбетовтың жауапкершілігіне келетін болсақ, сеніп тапсырылған жұмыс учаскесінде бақылауды босаңсытып алғандарыңыз үшін сіздерге қатаң сөгіс жариялаймын", -деді Н. Назарбаев.

Оның айтуынша, "үкімет бастаған жұмыстарды жалғастырып, аяғына дейін жеткізу қажет". "Сол себепті тек Алматы мен Алматы облысының әкімдеріне ғана емес, үкімет пен барлық облыс әкімдеріне айрықша қорғаудағы табиғи аумақтарда тиісті тексерулер жүргізуді тапсырамын. Олар құқықты мақсатында пайдаланылуға тиіс", - деді мемлекет басшысы.

"Астана, Алматы қалалары мен облыстардың әкімдеріне Бас прокуратурамен және өзге де органдармен бірлесе отырып, үш айдың ішінде арасында ерекше қорғаудағы табиғат аймақтары мен азаматтардың жаппай демалатын орындары қамтылған елді мекендерге құрылыс салу кезінде қала құрылысы және экологиялық нормалардың сақталып отыруына тексеру жүргізуді тапсырамын", - деген еді Н. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.

Бұған дейін өткен жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда салынып жатқан құрылыстарда заңдылықтың сақталуын тексеру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылған еді.

"Менің тікелей тапсырмама қарамастан, "Медеу" маңында құрылыстар мен биік үйлерді үсті-үстіне салу одан әрі жалғасуда. Кіші Алматы шатқалы Медеуге дейін құрылысқа толған. Бутаковкада бәрін қоршауға алып, өзенге баратын жолдарды жауып тастаған. Алматылықтардың ашуында шек жоқ. Ал Үлкен Алматы өзенінде экологиялық нормадан тыс, заң бұза отырып салынған жүздеген үйлер пайда болған", - делінген еді 11 қыркүек күнгі үкімет отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов оқып берген президенттің хатында.

Президент үкіметке Қаржы министрлігі, Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрліктерінің және құқық қорғау органдарының қатысуымен Алматыдағы құрылыс салу ахуалын зерттейтін комиссия құрып, "қалада белең алған былықшылықты" жоюды тапсырған болатын.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, үкімет басшысы жұмыс тобын құру туралы бұйрыққа қол қойды, оны премьер-министр Кәрім Мәсімовтың өзі тікелей басқарған. Жұмыс тобы 1460 заң бұзушылықты анықтаған.

Икімдерге табиғат қорғау аймақтарында жер бөлу туралы барлық заңсыз шешімдердің күшін жойып, заңсыз құрылыстардың бұзылуын қамтамасыз ету тапсырылған. Ешкімге ешқандай өтемақы төленбейді - тек құрылыс шығыны ғана қайтарылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны