29.06.2007, 10:22 2480

Мемлекет басшысы Алматының іргесінде Алатаудың бөктерінде салынатын жаңа мешіттің іргетасын қалады

АЛМАТЫ. 29-маусым. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Алматының іргесінде Алатаудың бөктерінде салынатын жаңа мешіттің іргетасын қалады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Елбасы Республикадағы бас мешіт болады деп жоспарланған жаңа мешіттің жобасымен танысып, құрылыс басталар алдындағы құран оқу рәсіміне қатысты. Алматы қалалық сәулет және құрылыс департаментінің бастығы, қаланың бас сәулетшісі Сұлтан Баймағамбетовтың айтуынша, мешітті 2009-жылы мамырда аяқтау жоспарланып отыр, ол қаланың әр нүктесінен көрініп тұратын үлкен мешіт болмақ. Жоба құны 40-45 млн АҚШ долларына бағаланған, мешіт демеушілер қаржысына салынады. Төрт қабатты әсем ғимаратты салуға 16 гектар жер бөлінген.

Онда мешіттерге тән негізгі бөлмелермен қатар, шетелден келген меймандарға арналған 20 нөмірлік қонақүй, кітапхана, медресе болмақ, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының резиденциясы осында орналасады. Мешіт бір мезгілде 20 мың адамды қабылдай алады. 4 мұнаралы ғимараттың сәулеттік ерекшелігі - ең алдымен қазақтың ұлттық нақыштарымен зерленуіне назар аударылған. Күмбездердің биіктігі 63, мұнаралардың биіктігі 84 метр болады. Сырты ақ граниттен қаланып, күмбездері мен басқа да әшекейлері алтынмен қапталып, ішкі қабырғалары ұлттық ою-өрнектермен безендіріледі. Мешіт салынатын тау бөктерінен қалаға дейін жол салынып, арнайы автобустар қатынайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны