07.05.2010, 13:48 6930

Мемлекет басшысы әскерилерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы әскерилерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Астана. 7 мамыр. Kazakhstan Today - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін 19 адамға жоғарғы әскери және арнаулы атақтар мен сыныптық шендер беру
рәсімінде әскерилерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Бүгін біздің елімізде Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы келе жатыр. Осы қос мерекемен Сіздерді құттықтаймын", деді президент әскерилерге қаратып айтқан сөзінде.

"Менің жарлығыммен осыдан 18 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылған болатын. Біз тәуелсіздігіміздің таңы жаңадан атып келе жатқан кезде ұлттық армиямызды жасақтадық. Содан бері осы күнге дейін екі мейрам дәстүрге айналды", деді Н. Назарбаев.

"ҚР Қарулы күштері бүгінде татулықты ту еткен халқымыздың берік қорғаны. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың сенімді тірегі болып табылады. Айбынды әскеріміз, қырағы қорғаушыларымыз бар кезде бейбітшілік баянды болады деп халқымыз сенеді", деді Елбасы әскери және арнайы шенге ие болғандарды құттықтау сөзінде.

"Мен бүгін жоғары әскери атақ пен шендерді тапсырғалы отырмын. Қазақстан Қарулы күштерінің басшылық құрамында бірнеше сардарлар бүгін генерал атағына ие болып отырғанын айрықша айтқым келеді", деді Н. Назарбаев.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күніне орай Ақордада Елбасы, ҚР Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылдың 5 мамырында "Жоғарғы әскери және арнаулы атақтар мен сыныптық шендер беру туралы" №984 жарлыққа қол қойды.

"Генерал-полковник әскери атағын Сәкен Жасұзақовқа, генерал-лейтенант әскери атағын Мұхтар Аюбаевқа, авиацияның генерал-лейтенанты әскери атағын Александр Сорокинге; генерал-майор әскери атақтарын : Руслан Алимов, Мүслім Алтынбаев, Бекет Байғазиев, Ғабит Байжанов, Нұржан Жігітеков, Талғат Жанжүменов, Өсер Мизанбаев, Аманжол Оспанов, Асхат Рыспаев, Амангелді Тәженовқа; авиация генерал-майоры әскери атағын Алсай Жұмановқа беруді қаулы етемін", - делінген жарлық мәтінінде.

Сондай-ақ, жарлыққа сәйкес "полицияның генерал-майоры арнаулы атағы: Амантай Иубәкіровқа, Марат Демеуовке, Жайлаубек Кембаевқа, Нұрлан Рахымберлинге; 1 класс бойынша мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені Қайрат Мәмиге берілді".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны