21.09.2006, 18:15 3118

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімін таныстырды- толықтырылған нұсқа

АСТАНА. 21-қыркүйек. Kazakhstan Today. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астана қаласының әкімі болып тағайындалған Асқар Маминді қала атқамінерлеріне таныстырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қазақстан президенті бұған дейін қала әкімі болған Өмірзақ Шүкеевтің Оңтүстік Қазақстан облысына жұмысқа жіберілгенін еске салды.

"Ол бұл жерде төрт жылдай жұмыс істеді. Оған айтар ешбір ескерту жоқ",- деді Н.Назарбаев.

Асқар Маминді Астана қаласының әкіміне тағайындаған Елбасы : "қаланы салу жұмыстары жаңа кезеңге көшті", деп атап өтті. "Елордасы әсем болуға тиіс. Мұндағы әрбір ғимарат бірегейлігімен ерекшеленіп, қалада адамдар өздерін қауіпсіз сезінуге тиіс. Қала таза әрі жасыл желекке көміліп тұруы қажет",- деді президент. "Қалада қолға алынған әрбір іс сүйіспеншілікпен атқарылуға тиіс. Астана үшін бөлініп жатқан қаржы жеткілікті",-деді Елбасы.

Президент жаңа басшының жұмысынан табыс тіледі.

"Қаладағы атқамінерлермен бірлесе отырып біз сіздің тапсырмаларыңызды жүзеге асыруға күш салатын боламыз",- деді А.Мамин президентке.

Асқар Мамин 1965 жылы Целиноград (қазіргі Астанада) туған. Целиноград инженерлік- құрылыс институтын, Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын бітірген. Инженер-құрылысшы, экономист.

Еңбек жолын "Целинтяжстрой" тресінің құрастырушысы болып бастады. Кейіннен кәсіпкерлікпен шұғылданды. Ақмола арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары болды.

Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі, нндустрия және сауда бірінші вице-министрі болып тағайындалды.

2005 жылғы тамыздан бастап Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар министрі болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны