06.07.2006, 11:12 3000

Мемлекет басшысы Астанада Есіл арқылы өтетін автокөпірді ашты

АСТАНА. 6-шілде. Kazakhstan Today. Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Есілдің екі жағын жалғастыратын автокөпірді ашты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Біз 8 жылдан бері Астананы салып жатырмыз. Осы мерзімде қаланың аумағы екі жарым есе өсті. Қала халқының саны 600 мың адамнан асты. Автокөліктердің саны көбейді. Сол себепті біз автокөліктер мен адамдардың қозғалысына қолайлы жағдайлар жасауға тиіспіз”,- деді президент көпірдің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Президент қала тұрғындарын осынау атаулы оқиғамен құттықтады. “Барлықтарыңызды Елордамыздағы ең ірі әрі көрікті көпірдің ашылу оқиғасымен құттықтаймын”,- деді Н.Назарбаев.

Автокөпір құрылысы 2004-жылы басталған. Көпірдің жалпы ұзындығы 900 метр, ені 40 метр, көпір үстіндегі қозғалыстың қарқыны тәулігіне 21 мың автокөлікке есептелген. Жобаның жалпы құны 4,5 млрд. теңгені құрады.

Сонымен бірге президент қала тұрғындарын Астана күнімен құттықтады.

Мәслихаттың шешімімен 2006-жылдан бастап қала күні 6-шілдеге белгіленгенін президент еске салды. “1994-жылы осы күні парламент ел астанасын көшіруге шешім қабылдады. Бұл құқықтық шешім және оның басқа ештеңемен байланысы жоқ”,- деді ол.

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 66 жасқа шықты.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны