06.04.2015, 17:05 3743

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті қабылдады

А.Мамытбеков министрліктіӊ қазіргі қызметі, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы, сондай-ақ алдағы кезеӊге арналған жоспарлар туралы баяндады

Астана. 6 сәуір. Kazakhstan Today - А.Мамытбеков министрліктіӊ қазіргі қызметі, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы, сондай-ақ алдағы кезеӊге арналған жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев республика алдында ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар маӊызды міндеттер тұрғанына назар аударды. Бұл туралы Ақорданыӊ баспасөз қызметі хабарлады.

- Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарыныӊ қаржылық жағдайын тәртіпке келтіру керек. Кәсіпорындар осы мақсатқа бөлінген мемлекеттік қаражаттыӊ нәтижесін көрсетуі тиіс. Басымдығы бар тағы бір мәселе - негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету кезіндегі импорталмастыру. Қазіргі уақытта импортталып отырған құс еті, шұжық өнімдері, алма сияқты өнім түрлері бойынша өз өндірісімізді жолға қою қажет. Жалпы, қайта өӊдеуді ұлғайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерініӊ қосылған құнын арттыру керек, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі дер кезінде жүргізу қажеттігін де атап өтті.

- Күзгі ылғал сіӊіру жақсы болды. Топырақ ылғалыныӊ жоғары болғаны бір жағынан пайдалы, бірақ көктемде қызылсу мол болады деп болжануда. Бұған тиісті қызметтер дайын болуы керек. Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарына айрықша назар аудара отырып, халыққа уақытылы ескерткен жөн, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

А.Мамытбеков көктемгі егістік жұмыстары елдіӊ оӊтүстік өӊірлерінде басталып кеткенін, солтүстік облыстарда дайындық жүріп жатқанын айтты. Бұл шараларға қажетті техника бар, аграршылар жанар-жағар маймен және республикалық бюджеттен 60 миллиард теӊге көлеміндегі несиелермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ өзге де көздерден қаржыландыру жүзеге асырылуда.

Ауыл шаруашылығы министрі 2013 жылдыӊ көрсеткіштерімен салыстырғанда, 2014 жылы бірінші рет импорттыӊ 6 пайызға, соныӊ ішінде Кеден одағы елдерінен келетін импорт 10 пайызға төмендегені байқалғанын атап өтті. Жалпы, сырттан әкелінетін ауыл шаруашылығы шикізаты мен өӊделген өнімдердіӊ көлемі 4 миллиард долларды құрайды. Соныӊ 1 миллиардқа жуығы еліміз өндіре алмайтын тауарларға тиесілі.

- Біздіӊ мақсат - ел ішінде шығаруға қажетті барлық мүмкіндігі бар өнімдердіӊ өндірісін қамтамасыз ету, - деді А.Мамытбеков.

А.Мамытбеков сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын, соныӊ аясында салық заӊнамасына өзгерістер енгізілгенін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы қаралған мәселелерге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны