05.04.2010, 18:11 3775

Мемлекет басшысы бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "ҚазАгро" ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Асылжан Мамытбековты, білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевты, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековті қабылдады.

Астана. 5 сәуір. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "ҚазАгро" ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Асылжан Мамытбековты қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, А.Мамытбеков президентті холдингтің 2009 жылғы жұмыстарының қорытындылары мен ағымдағы жылға белгіленген міндеттері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, мал шаруашылығы саласының өндірісін және Қазақстаннан экспортқа шығарылатын еттің мөлшерін арттыру жөніндегі мәселелер талқыланды.

"Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп нарығын одан әрі тұрақтандыру, импортқа тәуелділікті азайту, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін, сонымен қатар аграрлық сектордағы еңбек өнімділігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді", - деді А.Мамытбеков.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевты қабылдады.

Ж.Түймебаев президентті білім беру жүйесінің бүгінгі жай-күйінен және келешек бағытынан хабардар етті. Қазақстан баршаға білім беру ісін дамыту индексі бойынша 2009 жылы әлемнің 129 елі ішінен бірінші орын алды және Орталық Азиядан Болон үдерісіне тұңғыш қосылған мемлекетке айналды.

Кездесу барысында білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы, Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауындағы "Ғылым туралы" жаңа заң жобасы, сонымен қатар Астанада биыл 26-27 сәуір күндері өтетін ТМД елдері мұғалімдері мен педагогтарының бірінші съезіне дайындық барысы жөнінде әңгіме болды.

"Соңғы 19 жылда мұндай деңгейдегі съезд бірінші рет Қазақстанда өтейін деп отыр. Бұл біздің ТМД көлеміндегі зор беделіміздің бір белгісі. Мен бұған қоса Түркі академиясын құру үдерісі туралы баяндадым. Академияның ашылуы Түрік Республикасының Президенті Абдолла Гүлдің биылғы мамыр айында болатын Қазақстанға сапары уақытына жоспарланып отыр", - деді Ж.Түймебаев.

Министр білім беру саласына ерекше көңіл аударылып отырғаны, биылғы 1 сәуірден бастап жалақы мен шәкіртақының 25 пайызға ұлғайтылғаны үшін барлық мұғалімдер, педагогтар және студенттер қауымы атынан мемлекет басшысына алғыс айтты.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін сонымен бірге мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековті қабылдады.

М.Жолдасбеков орталықтың жұмысы, соның ішінде қазіргі Қазақстанның тарихына қатысты кітаптар шығару ісі туралы әңгімеледі.

"Мен бүгін президентке алғашқы 14 томды табыс еттім, олар "Тәуелсіздік шежіресі", "Елмен сырласу", "Ел басшысы жолдады - елі қолдады", "Илем Қазақстан туралы, әлем президент туралы" атты төрт сериядан тұрады. Біз биыл осы жобаның тағы да 19 томын баспаға дайындаймыз, жалпы 2015 жылға қарай барлығы 138 том шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл басылымдар жас ұрпақты Отанымыздың тарихымен таныстырады, олардың бойына отаншылдық рухын сіңіруге септігін тигізеді. Президент біздің бұл ісімізді құптады", - деді М.Жолдасбеков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны