21.01.2014, 20:14 4904

Мемлекет басшысы Бүкіләлемдік тхэквондо федерациясының президентімен кездесті

Соңында Чунгвон Чо Нұрсұлтан Назарбаевқа тхэквондо (WTF) бойынша құрметті тоғызыншы дан дәрежесі белгісін, сондай-ақ тиісті белбеу мен кимоно тапсырды.

Алматы. 21 қаңтар. Kazakhstan today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бүкіләлемдік тхэквондо федерациясының президенті Чунгвон Чомен кездесті, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Қазақстан Президенті Бүкіләлемдік тхэквондо федерациясы басшысының сапарына ризашылығын білдіріп, ол еліміздегі бұл спорт түрінің дамуына одан әрі серпін беретінін айтты", - делінген хабарламада.

"Қазақстанның тхэквондо федерациясы Бүкіләлемдік тхэквондо федерациясы құрамына 1993 жылы кірді. Осы кезден бастап спорттық жекпе-жектің осы түрі біздің елде қарқынды дами бастады, 11 мың адам белсене айналысуда, 250-ге жуық жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазақстандық спортшылар әлемдік жарыстарда 9 қола медаль иеленді, ал азиялық деңгейде алтын медаль да бар. Біз бұл тамаша спорт түрі одан әрі дами береді деген зор үміттеміз. Себебі, ол жастарды тәрбиелеуге және саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Мен сіздің сапарыңыз жастардың назарын осы спорт түріне одан әрі аудара түседі деп сенемін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы біздің ұлттың жауынгерлік өнерге бейім екенін, Қазақстанның басқа да жекпе-жектің және спорттың күш-қуатқа негізделген түрлерінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті.

Чунгвон Чо қабылдау үшін алғысын айтып, Қазақстанға тхэквондоның одан әрі таныла түсуіне бағытталған өз сапарының маңызды екеніне тоқталды.

"Мен Сіздің Қазақстанда және өзге де елдерде тхэквондоны дамытудағы білімділігіңізге тәнті болдым. Бүгінде Қазақстанның - тхэквондо бойынша жарыстарда Олимпиялық ойындардың тұрақты қатысушысы сіздің елдеріңіздің әлеуеті зор. Тхэквондо Қазақстанда жедел дамуда, ал спортшыларыңыз спорттың барлық түрі бойынша зор табысқа жетуде. Мен жуық арада Мемлекет басшысының қолдауымен сіздердің спортшыларыңыз олимпиялық алтын медальды иеленеді және әлем біріншіліктерінде жеңіп шығады деп сенемін. Қазіргі уақытта тхэквондо спорттық жекпе-жектің қарқынды дамып келе жатқан түрі болып саналады. Мысалы, әлемде онымен шамамен 80 млн. адам шұғылданады, ал Бүкіләлемдік тхэквондо федерациясына 205 ел мүшелікке өткен", - деді Чунгвон Чо.

Сонымен қатар, кездесуде жалпы және спорттық медицина саласындағы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы өзара ықпалдастық, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының әлемдік стандарттарын енгізу жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Соңында Чунгвон Чо Нұрсұлтан Назарбаевқа тхэквондо (WTF) бойынша құрметті тоғызыншы дан дәрежесі белгісін, сондай-ақ тиісті белбеу мен кимоно тапсырды.

Мемлекет басшысы бұл кимоно алдағы кезде тхэквондо бойынша жоғарыдағы дан иеленген қазақстандық спортшыға тапсырылатынын айтты.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны