28.04.2010, 10:52 2807

Мемлекет басшысы еліміздің қаржылық секторын дамытуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді

Мемлекет басшысы еліміздің қаржылық секторын дамытуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді

Алматы. 28 сәуір. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Алматыда Ұлттық банк, Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің және Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің 2009 жылғы есептеріне арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кеңесте Ұлттық банктің төрағасы Г.Марченконың, Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымы Е.Бахмутованың, "Самұрық Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарма төрағасы Қ.Келімбетовтың, Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің төрағасы А.Арыстановтың баяндамалары тыңдалды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, өткен жылы қыруар жұмыс көлемі атқарылды. Бүгінде дағдарысқа қарсы бағдарламаның аясында экономиканың басым секторларын қолдауға арналған Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың басым көпшілігі игерілді. Қаржылық жүйе тұрақтанды.

"Біз инфляция және жұмыссыздық деңгейін төмендетуді қамтамасыз ете алдық. Ең бастысы, нақты түрде экономикамыздың өсімін сақтадық", - деп атап өтті еліміздің президенті.

Есеп тыңдаудың қорытындысы бойынша мемлекет басшысы монетарлық және қаржылық органдардың өткен жылғы жұмысының нәтижесін оң бағалады және еліміздің қаржылық секторын одан әрі дамыту және қаржылық-кредиттік саясатты іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

"Банк секторындағы жағымды фактор ретінде депозиттік базаның артуы, соның ішінде тұрғындардың депозиттерінің 28,5 пайызға артуы атап өтілді. Банк секторындағы сыртқы қарыздың төмендеуі "Самұрық Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының қатысуымен банк міндеттемелерін қайта құрылымдаудың оң нәтижесінде мүмкін болды",- делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы дағдарыстан кейінгі кезеңде қаржылық секторды дамыту тұжырымдамасының жүйелі негізде жүзеге асырылуын бақылауға алды. Алдағы кезде болуы мүмкін қаржылық сілкіністерге дайындық жасау және бұрынғы реттеулердің озық және жаңа жүйесін орнықтыру, сондай-ақ макро және микропруденциалдық реттеуді, соның ішінде институционалдық реттеуді күшейту қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейін табысты дамуы және индустриализациялаудың бес жылдық жоспарының іске асырылуы еліміздің қажетті қаржылық ресурстарын жаңғыртуға және олардың экономикада ұтымды пайдалануға байланысты болатыны қадап айтылды.

Жаңа бизнес ортаны қалыптастыру жағдайы жоғары деңгейдегі өндірісті дамытумен сипатталады, қор рыногының дамуы және қаржылық ресурстарды тартудың өзге баламалы тетіктері маңызды мәнге ие болады.

Қаржылық жүйе және реттеуші органдар, өз тараптарынан, экономиканы жедел әртараптандыруға қолұшын берулері тиіс. Бұл қаржылық органдар мен үкімет үшін алдағы кезеңге арналған негізгі міндет болып табылады.

"Жалпы, 2010 жылы еліміз табысты дамуда. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,6 пайызға артты, өнеркәсіп пен сауда, тиісінше, 11,5 және 10,5 пайызға өсті. Осы ретте, экспорт биылғы жылдың алғашқы екі айында, 2009 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда, 60 пайызға артып отыр",- деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны