14.04.2016, 15:18 3720

Мемлекет басшысы Ислам ынтымақтастығы ұйымыныӊ XIII саммитіне қатысты

Биылғы саммит "Бірлік пен ынтымақ әділеттілік пен бейбітшілік үшін" деген тақырыпен өтті. Оған ұйымға мүше 56 елдіӊ өкілдері, соныӊ ішінде 30-дан аса мемлекет пен үкімет басшылары қатысты

Астана. 14 сәуір. Kazakhstan Today - Биылғы саммит "Бірлік пен ынтымақ әділеттілік пен бейбітшілік үшін" деген тақырыпен өтті. Оған ұйымға мүше 56 елдіӊ өкілдері, соныӊ ішінде 30-дан аса мемлекет пен үкімет басшылары қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін өзекті мәселелерді шешудіӊ маӊыздылығын атап өтті. Олардыӊ қатарында жаһандық адами даму индексініӊ еӊ төменгі көрсеткіштері, білім беру және медициналық қызметтерге қолжетімділіктіӊ төмендігі айтылды. Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ пікірінше, осы қиындықтар Ислам әлеміндегі көптеген елдердіӊ дамуын барынша тежейді, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Бұл ретте Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті үшін басты қауіп ішкі жанжалдар мен қақтығыстар екеніне тоқталды. Атап айтқанда, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 11 мемлекет осындай қиындықты бастан өткеруде. Жуықта ғана өркенді ел саналған Ливия, Сирия сияқты мемлекеттердіӊ ойраны шықты, Ирак соғыстыӊ салдарынан қатты күйзелуде. Ислам әлемі суннит және шиит болып бөліну қаупініӊ алдында тұр. Нұрсұлтан Назарбаев бұған жол бермеу қажеттігін атап көрсетті.

Қазақстан Президенті мұсылман елдерініӊ ішінде бір-біріне қарсы әскери блоктар құру идеясына да жол бермеу керектігін, бұл еш пайда бермейтін, болашақ тұрақтылыққа балта шабатын әрекеттер екеніне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев ислам әлемі елдерініӊ жаппай қарулану бәсекесіне түсуі, әсіресе жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін бұза отырып жанталасуы мүлдем ақылға сыймайтынын айтты. Қазақстан Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруды жақтайды.

Мемлекет басшысы бүгінде Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 15 ел халықаралық лаӊкестердіӊ қысымына ұшырағанын айтып, соныӊ кесірінен сан миллион мұсылман үмбеті әлемніӊ әр қиырында жанына сауға сұрап, жайлы өмір іздеген босқынға айналуға мәжбүр болғанына тоқталды.

Қазақстан Президенті лаӊкестіктен бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерініӊ өздері зардап шегетінін, апта сайын ешбір жазығы жоқ ондаған адам лаӊкестік шабуылдардыӊ құрбанына айналып отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемде әртүрлі дін өкілдері мен сан алуан мәдениет иелері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан талай мұсылман елдері бар екеніне назар аударды. Қазақстан Президенті 17 конфессия мен 100-ден астам этнос өкілдері біртұтас азаматтық ұлтқа айналған біздіӊ елді бұған мысал ретінде келтірді.

Мемлекет басшысы біздіӊ республика өзара жауапкершілік пен қолдаудыӊ ұлттық моделін табысты дамытып жатқанын, оныӊ еӊ басты тетігі Қазақстан халқы Ассамблеясы екенін атап өтті. Бұған қоса, 15 жылдан бері біздіӊ жерімізде Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлерініӊ съезі өтіп келеді.

Қазақстан Президенті әрбір мемлекет пен қоғамныӊ еӊ басты міндеті ретінде ішкі тұтастықтыӊ маӊыздылығын айтты. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Сирияда араз топтардыӊ арасында диалог орнай бастағанына, Ислам ынтымақтастығы ұйымы ондағы бітім үдерісіне қолдау білдіруі қажеттігіне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ айтуынша, Қазақстан көптеген елдердегі жанжалдарды реттеуге қатысып, бейбіт өмірге оралуына қолғабыс етіп келеді. Мәселен, еліміз Ирактағы бітімгершілік миссияға белсене қатысты, Ауғанстанға көмек қолын созды және Иранныӊ ядролық бағдарламасы төӊірегіндегі проблеманы шешуге атсалысты. Қазақстанныӊ бастамасымен және БҰҰ-ныӊ қолдауымен Нью-Йорк пен Астанада бейбітшілікті және терроризмге қарсы іс-қимылды қолдаған халықаралық форумдар өтті.

Мемлекет басшысы ислам мен прогресс ұғымдары қатар жүруі керектігін айтты. Біріншіден, Ұйымға мүше елдердіӊ Сауда-экономикалық және техникалық ынтымақтастық жөніндегі бас келісімін дәйекті түрде жүзеге асырып, еркін сауда аймағын құрған жөн. Екіншіден, "Ислам инфрақұрылымдық ықпалдастығы" стратегиялық жобасын жасап, жүзеге асыруымыз қажет. Үшіншіден, энергияныӊ баламалы көздері, биотехнологиялар, материалтану секілді бағыттардыӊ қарқынды дамуын ескеріп, 2017 жылы Астанада ИЫҰ-ныӊ ғылым мен технология жөніндегі саммитін өткізу ұсынылды.

Қазақстан Президенті ИЫҰ алдында тұрған маӊызды мақсат Ұйым аясында лаӊкестікке қарсы тұрудыӊ шаралар кешенін жасау екенін айтты. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев лаӊкестік актілер жөнінде біржақты ғана жарияланып жатқанына және сонымен байланысты исламофобияға айрықша назар аударып, осы мәселеге арналған тұрақты жұмыс істейтін форум құруды ұсынды.

Соӊында Нұрсұлтан Назарбаев Саммит барысында айтылған бастамалар табысты жүзеге асырылады деп үміттенетінін жеткізді.

Саммит қорытындысы бойынша "ИЫҰ-2025: Іс-қимыл бағдарламасы" деп аталатын 10 жылдық стратегиялық құжат пен өзге де өзекті мәселелерге қатысты қарарлар қабылдау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қорытынды коммюнике жобасына Қазақстан ұсынған бірқатар халықаралық бастамалар кірді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны