26.04.2016, 17:27 4624

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясыныӊ XXIV сессиясына қатысты

Іс-шараға 1500-ден астам адам қатысты. Олардыӊ қатарында Ассамблеяныӊ елдіӊ барлық өӊірінен келген ардагерлері, республикалық және өӊірлік этномәдени бірлестіктердіӊ төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардыӊ, саяси партиялардыӊ, діни бірлестіктердіӊ, үкіметтік емес ұйымдардыӊ басшылары, жоғары оқу орындарыныӊ ректорлары, шет мемлекеттер дипломатиялық миссиялары, ғылыми-шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар

Астана. 26 сәуір. Kazakhstan Today - Биылғы сессияныӊ негізгі тақырыбы - "Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт", деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Іс-шараға 1500-ден астам адам қатысты. Олардыӊ қатарында Ассамблеяныӊ елдіӊ барлық өӊірінен келген ардагерлері, республикалық және өӊірлік этномәдени бірлестіктердіӊ төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардыӊ, саяси партиялардыӊ, діни бірлестіктердіӊ, үкіметтік емес ұйымдардыӊ басшылары, жоғары оқу орындарыныӊ ректорлары, шет мемлекеттер дипломатиялық миссиялары, ғылыми-шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Жиналғандар алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біздіӊ Тәуелсіздігіміздіӊ ұлы құндылықтарыныӊ бірі екенін атап өтті.

Біз достықты қазақстандықтардыӊ барлық буыныныӊ басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздіӊ бірегей жолымыз - теӊ құқықтылық, бір шаӊырақ астында өмір сүретін барлық этностыӊ бірлігі мен келісімі халықтыӊ тілек-қалауымен таӊдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы - Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктіӊ барлық кезеӊінде әрдайым биіктен табылды. Оныӊ тарихында біздіӊ ұлттыӊ өрлеу дәуірініӊ кезеӊдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Ұлт жоспарын жүзеге асырудыӊ алғашқы қорытындылары туралы айтты.

Бірнеше айда 59 заӊ әзірленіп, қабылданды және күшіне енді. 400 нормативтік құқықтық акт бекітілді. Біздегі өзгерістерге қатысты тағы бір тәуелсіз баға жөнінде айта кетейін. Бүкіл әлем мемлекеттеріндегі реформаларға мониторинг жүргізетін Дүниежүзілік банк Қазақстанды 2015 жылы өзге елдермен салыстырғанда мейлінше көп реформа жасады деп есептейді. Олардыӊ әдістемесіне сәйкес, бұл - 7 бағыт бойынша 19 реформа. Басқаша айтқанда, біз бес емес, жиырмаға жуық маӊызды өзгеріс жасадық, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мемлекеттік қызметшілер корпусында Қазақстанныӊ 45 этносыныӊ өкілдері бар екенін айтты.

Біз мемлекеттік аппаратта әрдайым этникалық әралуандық болуы үшін бұл жұмысты жалғастыра беретін боламыз, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы заӊ үстемдігін қамтамасыз ету үшін тілдер туралы заӊныӊ толық сақталуы маӊызды екенін атап өтті.

Мемлекеттік органдарға арызданушыныӊ хат жолдаған тілінде ақпарат алу мәселесіне қатысты бұған дейін ескерту жасаған болатынмын. Меніӊ тапсырмам бойынша Бас прокуратура барлық орталық және жергілікті органдарға тексеру жүргізді. "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" жаӊа заӊ күшіне енген алғашқы үш айда мемлекеттік органдардыӊ азаматтар сауалына олар таӊдаған тілді ескере отырып жауап беру тұрғысында 79 рет заӊ бұзылған. Соныӊ ішінде 29 факт түрлі деӊгейдегі әкімдіктерде, 50-і министрліктер мен ведомстволардыӊ аумақтық бөлімшелерінде болған. Бас прокуратура барлық анықталған деректер бойынша заӊ бұзуды әшкерелеу және кінәлі мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыным енгізді. Бұл мәселені барлық мемлекеттік орган басшылары ұдайы жеке бақылауында ұстауға тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін өткізу мәселесін ескере отырып, елорданыӊ, Алматы мен облыстардыӊ әкімдеріне көрнекті ақпараттыӊ жариялануын үш тілде - мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде қамтамасыз етуді тапсырды.

Азаматтардыӊ теӊдігі мен этносаралық қатынастар тұрақтылығы мәселесіне қатысты ұсақ-түйек деген болмайды, болуы да мүмкін емес. Бұл жерде науқаншылдыққа орын жоқ, күнделікті қажырлы жұмыс қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру жұмысын жүргізу және экономикалық өсімді қамтамасыз ету тіпті әлемдік дағдарыстыӊ күшті ықпалына қарамастан бизнестіӊ дамуына кеӊінен жол ашатынына назар аударды.

Мұны әлемніӊ мейлінше перспективалы 60 елінде жүргізілетін Жаһандық бизнес мониторингі мәліметтері көрсетіп отыр. Оған сәйкес, Қазақстан азаматтардыӊ кәсіпкерлік белсенділік деӊгейі жөнінен 29-орынды иеленді. Жұмыс орындарын ашу перспективасы бойынша - 6-орында. Жалпы, еӊбек нарығыныӊ тиімділігі рейтингінде біздіӊ республика 140 елдіӊ ішінде 18-орынға жайғасқан. Бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасаудыӊ жаһандық рейтингінде біз 189 елдіӊ ішінде 41-орынды иелендік. 2016 жылға арналған экономикалық еркіндік индексінде Қазақстан 178 мемлекеттіӊ ішінде 68-орында тұр. Біз "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын, бизнесті дамыту және жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асырып, фермерлерге көмектесіп келеміз. Бұныӊ бәрі азаматтарымыздыӊ болашағына, лайықты жұмыс және жоғары өмір сапасы тұрғысынан сенімді болуы үшін жасалуда, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Бес институционалдық реформаныӊ тағы бір бағыты - есеп беруші мемлекет пен ашық үкімет қалыптастыру аясында қазақстандықтар үшін мемлекеттік органдардыӊ шешімдерін талқылау, қабылдау және орындау барысына қатысу мүмкіндіктері кеӊейе түсетінін айтты.

Олардыӊ жанында үкіметтік емес ұйымдармен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясыныӊ өкілдері белсене қатысатын қоғамдық кеӊестер құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сыбайлас жемқорлық пен шенеуніктердіӊ ысырапшылдығына қарсы еӊ сенімді тосқауыл - азаматтық бақылау. Біз бұл бағыттан таймаймыз. Бірақ бұл да азаматтық қоғам үшін маӊызды сәт. Оныӊ қоғамдық кеӊестер жұмысына қатысуы бастамашылдық, кемелдік және азаматтар алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделуі тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті халыққа мемлекет жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарыныӊ жеткіліксіздігін айтты.

Мектептегі білім беру саласында, соныӊ ішінде бескүндікке, үштілділікке өту бастамалары үлкен талқылауларға түрткі болды. Егер біз балаларымыз бен бүкіл еліміздіӊ болашағын ойлайтын болсақ, мұндай өзгерістер білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Бірақ бәрі де тиянақты қарастырылғаннан кейін қабылдануға тиіс. Мектеп мәселесі әр отбасыға қатысты, сондықтан барлық пікір ескерілуі тиіс, мұнда жөнсіз сынақ жасауға болмайды. Жалпы, бұл ақпараттық жұмыстағы олқылықты көрсетеді. Халыққа реформаныӊ мәні жете түсіндірілмеген, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев соӊғы кездері Қазақстанныӊ жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттыӊ ұдайы таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаӊдаушылық көбейгенін айтты.

Мұныӊ шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді - ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптыӊ төӊірегіндегі алып-қашты әӊгіменіӊ бәрі негізсіз. Біздіӊ мақсат - ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жеке меншігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер - ата бабамыздан мұраға қалған біздіӊ басты байлығымыз. Қазақстанныӊ 14 мыӊ шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын рәсімдеу үшін мен көрші елдердіӊ басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осыныӊ бәрі жеріміздіӊ тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздыӊ осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көӊіл бөлінетін болса, бұл біздіӊ халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді, - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жаӊа функционалдық бағыттарды өз мойнына алғанына тоқталды.

Қайырымдылық қызмет туралы жаӊа заӊда ҚХА-ға меценаттар қоғамдастығыныӊ басты үйлестірушісі қызметін атқару бекітіліп берілді. Тарихта бірінші рет қайырымдылық ұйымдарыныӊ, меценаттар мен донорлардыӊ республикалық съезі өткізілді. "Үлкен ел - Үлкен отбасы" жобасы мен Ассамблея жылы аясында 400 мыӊнан астам қазақстандыққа қайтарымсыз көмек көрсетілді. Балалар үйлерініӊ 7800 тәрбиеленушісі мен жетім балалар үшін жалпы құны 5 миллиард теӊге болатын білім беруге арналған есепшоттар ашылды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүкіл ел бойынша 1993 қоғамдық келісім кеӊесі және 820 аналар кеӊесі құрылғанын атап өтті. Олар халықтыӊ нақты мәселелерін шешумен, жергілікті деӊгейде және ұжымдарда қақтығыстардыӊ алдын алумен айналысады.

Ассамблея қызметініӊ тағы бір бағыты - даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен шешетін медиаторлар желісін дамыту.

Медиация туралы заӊ қабылдаған 2011 жылға дейін оған қалай кірісу керектігін ешкім білген жоқ. Ассамблея бастамашылық танытқан соӊ сеӊ қозғалды. Медиаторлар желісін дамыту соттардыӊ жүктемесін азайтты, құқықтық мәдениет пен қоғамдағы құқықтық сананы күшейтті, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея жұмысындағы қоғамныӊ барлық әлеуметтік қырын қамтитын өзге де негізгі бағыттарға тоқталды.

Мемлекеттік рәміздер туралы заӊ күшейтілді, бұл олардыӊ қазақстандық патриотизм атрибуттары ретінде азаматтардыӊ қолдануы аясын кеӊейтті. Отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани құндылықтарды нығайту жөніндегі жалпы ұлттық жоспар жаӊғыртылды. Жалпыға Ортаға Еӊбек Қоғамы идеясын ілгерілету жөніндегі жалпыұлттық жоспар жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпқойлар лигасы жобасыныӊ мәні зор. Оныӊ аясында Дүниежүзілік банктіӊ атсалысуымен өӊірлерде жұмысшы мамандықтары бойынша мамандарды алдын ала даярлаудыӊ 15 ресурстық орталығы құрылды. Білім мен ғылымды дамытудыӊ 2019 жылға дейінші жаӊа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, үш тілде білім берудіӊ Жол картасы жүзеге асырылуда. "Ұрпақ плюс" жобасын, жастар саясаты тұжырымдамасыныӊ екінші кезеӊін іске асыру жалғасуда. Туризм мен спортты дамыту тұжырымдамасы бекітілді. БАҚ-ты жаӊғырту үдерісі басталды, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қомақты қаражат жұмсауды талап етпейтін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Оныӊ инновациялылығы, энтузиазмы, жүйелілігі және нақты нәтижеге бағытталғандығы - бұл, сөз жоқ, еліктеуге тұрарлық үлгі. Мен біртектілік пен бірлік жөніндегі жұмыстыӊ алғашқы қорытындыларын бекітемін. Сонымен бірге босаӊсуға және біз қоғамда бірлік пен келісімніӊ биік деӊгейіне жеттік деп санауға да болмайды, ал бұл үдеріс енді өз-өзінен жалғасатын болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сессия қорытындысы бойынша қабылдануы жоспарланып отырған Мәӊгілік Ел Патриоттық актісініӊ жалпыұлттық идеяныӊ құжаттамалық формасы екеніне назар аударды.

Бұл - қазақстандықтардыӊ біртектілігі мен бірлігініӊ ауқымды да бірегей генетикалық бағдарламасы. Акт біздіӊ рухани құндылықтарымыз бен ұмтылыстарымыздыӊ негізгі форматын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге тиіс. Онда экономика мен саясаттыӊ, мораль мен дінніӊ мәселелері, Қазақстанныӊ жаһандық әлемдегі орны жөніндегі көзқарастарымыз бір арнаға тоғыстырылған. Бұл құжатқа қатысты екі жыл бойы қызу қоғамдық жұмыс жүргізілді. Ол халық Ассамблеясыныӊ барлық буынында, ғылыми ортада, саясаткерлер, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері арасында жан-жақты талқыланды. Былтыр Республикалық патриоттар форумында оны жобасы мақұлданды, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Мәӊгілік Ел Патриоттық актісінде халқымыз қалыптастырған және өз жан-жүйесінен өткерген басты жалпыұлттық құндылықтар, мемлекеттіӊ, қоғамныӊ және азаматтардыӊ Қазақстанныӊ тағдыры мен оны дамыту, өркендету жолындағы өзара жауапкершілігі нақтыланғанын айтты.

Патриоттық акт қабылдай отырып, біз бүгінгі өмірімізде орны бар және бәріміз үшін қастерлі нәрселер мен болашақ Қазақстанныӊ барлық дәуірінде өмірлік маӊызы зор және бағалы болатын дүниелер арасында берік көпір саламыз. Біз жаӊа белестерге қарай ілгері басқан қадамымыздыӊ дұрыстығын компаспен тексергендей, Патриоттық акт арқылы анықтайтын боламыз, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Патриоттық актініӊ жасампаз идеяларын қоғамда орнықтыру жөніндегі бірқатар шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті.

Үкімет Ассамблеямен бірлесіп, әрбір қазақстандықтыӊ жүрегіне жол табатын кеӊ ауқымды түсіндіру жұмысын жолға қойғаны жөн. ҚХА хатшылығы Мәдениет және спорт министрлігімен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Патриоттық акт жөніндегі әдістемелік құралдар дайындауы қажет. Олардыӊ негізінде ұлттық компаниялар, кәсіпорындар, мекемелер мен оқу орындары ұжымдарындағы жұмысты жолға қою керек. Ассамблеяға мониторинг жүргізіп, Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту тұжырымдамасын жүзеге асыру туралы баяндамалар дайындау міндеті жүктеледі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті тәуелсіздік, келісім, Болашағы біртұтас ұлт ұғымдарыныӊ қазақстандық арманды жүзеге асыратын бір-бірімен өзара байланысты ұғымдар екеніне назар аударды.

Өмірден арман туындатып, арманнан шынайы болмысты сомдау керек. Жалпыұлттық арманымызды біз осылай жүзеге асырамыз. Қуатты, лайықты және мәӊгілік мемлекет туралы арманымызды. Кеӊ-байтақ, сүйікті және киелі жерімізді көркейту туралы арманымызды. Ұлы Дала Елі кеӊістігіндегі зәулім аспанмен астасқан шаӊырақ астында тату-тәтті өмір сүретін бақытты және бейбіт халқымыз туралы арманымызды. Мен бүгін Ассамблея сапына оны бұдан жиырма жыл бұрын менімен бірге құрысқан және бастапқы тарихи сессиялары мен шешімдерін әзірлескендердіӊ есейген балалары қосылып жатқанын көріп тұрмын. Бұл - қазақстандықтардыӊ ұрпақ сабақтастығыныӊ айқын айғағы, - деді Мемлекет басшысы.

Соӊында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алда келе жатқан Қазақстан халқыныӊ бірлігі күнімен құттықтап, бақыт пен игілік және табыс тіледі.

Сондай-ақ сессияда қазақстандық ғарышкер, шетелдік қонақтар, өӊірлерден келген делегаттар, спортшылар, жұмысшы мамандықтарыныӊ, сондай-ақ бюджеттік және жастар ұйымдарыныӊ, азаматтық қоғамныӊ өкілдері сөз сөйледі.

Сессия барысында Мемлекет басшысы ҚХА мүшесі, "Беларусь мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігініӊ төрағасы Л.Питаленконы және ҚХА мүшесі, Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктерініӊ "Дустлиқ" қауымдастығыныӊ құрметті төрағасы Р.Халмурадовты Ассамблея Төрағасыныӊ этномәдени бірлестіктер атынан өкілдік ететін орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.

Ассамблеяныӊ XXIV сессиясы қорытындылары бойынша "Мәӊгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық актісі жарияланды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны