13.02.2007, 15:02 3449

Мемлекет басшысы Қазақстанның мәдениетті қолдау қорын құруды ұсынады

АСТАНА. 13-ақпан. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мәдениетті қолдау қорын құруды ұсынады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Елімізде арнаулы мәдениетті қолдау қорын мүмкін мемлекеттің қатысуымен құру мүмкіндігі туралы ойластыру қажет шығар"-деді Н.Назарбаев бүгін "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде.

Сонымен бірге мемлекет басшысы мәдениет және ақпарат министріне "еліміздегі мәдени мұраны сақтап қалуды қамтамасыз ету мақсатында 2007-2009-жылдарға арналған тиісті салалық бағдарламаның жобасын жасап жүзеге асыруды, ол үшін ел бюджетінде қажетті қаржы қарастыруды" тапсырды. "Бұл "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының жалғасы болмақ", деді ол.

"Принциптік тұрғыда бұл жұмыс бірқатар айрықша маңызды міндетті шешуге бағытталуға тиіс",- деді президент.

"Жаңа әрі жүйеленген білімдердің ғылыми-педагогикалық айналымға түсіп, тек қана монографиялар мен ғылыми мерзімді басылымдардың ғана пәніне айналмай, жоғары және орта білімге арналған оқулықтар мен оқу бағдарламаларына да қамтылуының маңызы зор",- деді ол.

"Кітап шығару саласында да ауқымды жұмыстар тындыру қажет. Бізге Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы мен мәдениетіне қатысты сапалы әрі сериялы басылымдарды үлкен таралыммен шығару қажет",- деді президент. "Бір айта кетерлік жайт, біз кітап шығару саласында кенжелеп қалдық, еліміздің кітап нарығы күні бүгінге дейін өскін күйінде қалып отыр", деді Н.Назарбаев.

"Келесі бағыт - Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын шетелдерде белсенді насихаттау",- деді президент. "Бұл бағытта азын-аулақ қадамдар жасалып жатыр, бірақ жұмыстар жүйелі емес",- деді президент.

Тарихи-мәдени мұраны туризмді дамыту мақсатында белсенді пайдалану қажет, деп пайымдайды Н.Назарбаев. "Тарихи және мәдени ескерткіштерді туризм саласы инфрақұрылымының бір тармағы деп қарастыру қажет, олар қазақстандық және халықаралық туристік бағыттардың жүйесіне енуге тиіс, еліміздің жаңа дами бастаған туризм саласының өсу бастамасына айналуға тиіс",- деді ол. "Магистралдық көлік жолдарында орналасқан және айрықша тарихи маңызы бар ескерткіштерді қалпына келтіруге баса назар аудару қажет",- деді президент.

Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізімін қайта қарау - жеке мәселе, деді президент.

"Жылжымайтын мүлік пен жер телімдері құнының қымбаттауына байланысты қалаларда сәулет өнері ескерткіштерін тізімнен шығарып, артынан оларды жекешелендіріп, орнына зәулім ғимараттар салып сатуға ниеттенетін кәсіпкерлер көбейді. Сол себепті барлық деңгейдегі әкімдер мен уәкілетті мекемелерге еліміздің мәдени ескерткіштерін қатаң бақылап, оларды қиратуға тыйым салуды тапсырамын",- деді Н.Назарбаев.

"Сонымен бірге бұл жұмыста мемлекет бөлген қаражатқа қарап отыруға болмайды. Бағдарлама жобаларына бизнес сектордың да тартылуы қажет, мемлекет меценаттыққа және демеушілік іс-қызметке ынталандыруға тиіс",- деді президент.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны