03.01.2007, 17:41 4007

Мемлекет басшысы Қазақстанның орыс, славян, казак ұйымдары өкілдерімен кездесті

АСТАНА. 3-қаңтар. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның орыс, славян, казак ұйымдары өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының бір бөлігі ретіндегі сіздердің ұйымдарыңыз біздің еліміз - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуында үлкен роль атқарды деп ойлаймын. Қазақстан халқы 15 жылдан бері бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүріп келеді. Біздің Конституциямыз "біз Қазақстан халқы" деген сөздермен басталады және ұлтаралық, дінаралық, сословиелік және рулық араздыққа тыйым салады, біздің елімізде тұратындардың барлығының ұлтына, тіліне, дініне қарамастан құқықтық теңдіктеріне кепілдік береді. Конституцияны орындай отырып, біз мемлекетімізді құрдық және үлкен табыстарға қол жеткіздік. Осы өзара бірлік пен сенімді сақтай отырып, біз барлық қазақстандықтардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасайтын жаңа асуларды алатын боламыз.

Біз қазіргі кезде реформалардың көшбасшысына және адамдар өмірін жақсартудың бастаушысына айналдық. Осының барлығы да біздің көршілерімізбен тату-тәтті байланыстарымызды нығайта түседі. Біздің орасан зор ұлы әрі құдай берген көршіміз - Ресей, онымен біздің ата-бабаларымыз қатар өмір сүрді, біз де, біздің ұрпақтарымыз да қатар өмір сүре беретін болады. 31-желтоқсан күні біз Ресей президенті екеуіміз сөйлесіп, біздің мемлекеттеріміз қарым-қатынасында 2006 жыл тамаша өтті, 2007 жылы да, болашақта да осылай қарым-қатынастар болуы тиіс дегенді айттық. Біз осы қарым-қатынастардың нығая беруі үшін барлық қолдан келгенді жасайтын боламыз.

Бүгін менің біздің еліміздің барлық ұлттарын Жаңа жылмен тағы да құттықтауыма тамаша мүмкіндік туып отыр. Біз елімізде 130 ұлт пен халықтың өкілдері тұрады деп ұдайы айтумен келеміз. Олар - біздің еліміздің азаматтары, сондықтан олардың құқықтары Конституция, заңдар арқылы қорғалады. Кез-келген проблеманы шешетін кезде біз бұл жайында үнемі есте сақтауымыз керек.

Мен болашақта Қазақстан халықтары Ассамблеясы рөлінің нығаюы үшін, барлық ұлт өкілдерінің біздің еліміз парламентінде және билік құрылымдарында болуы үшін, олардың құқықтарының қорғалуы үшін қолымнан келгеннің барлығын да жасаймын. Біз сондай-ақ осы арқылы қазақ ұлтының да мәдениетін, тілін сақтай отырып, қайта түлететінімізді әрдайым есте сақтауға тиістіміз. Осынау тыныштықта даму да, осынау достықта ілгерілеушілік те бар. Барлық ұлт өкілдерінің қазақ мәдениетін, дәстүрін, тілін дамытуды қолдайтыны және олардың мұны мемлекет тарапынан қамқорлық арқылы өз еркімен салиқалы түрде жасайтыны біздің достасуымыз бен дамуымыздың, күллі әлем үшін үлгі болып қала беруіміздің басты үлгісі болып табылады. Сондықтан да, біз мұны әрдайым сақтай отырып, үнемі есте ұстауға тиіспіз. Біздің құқық қорғау құрылымдарымыз мемлекетіміздің конституциялық негіздерінің сақталуын қырағы күзетуге тиіс.

Православие христиандарының ізгі мерекесі - Рождество келіп отыр. Баршаңызға мәлім, бізде Құрбан айт пен Рождество менің жарлығыммен демалыс күндері болып жарияланған, сондықтан да осы екі мерекені де барлық ұлт өкілдері тойлайды. Мұндай жағдай қайда бар? Біз мұны мақтаныш тұтып, сақтай білуге тиістіміз, - деді президент кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде.

Осы кездесуден естелік ретінде казактар президентке ат мінгізіп, казак булавасы мен буркасын сыйға тартты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны