27.01.2015, 20:33 4169

Мемлекет басшысы "Нұр Отан" партиясы төрағасыныӊ бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады

Кездесу барысында Б.Байбек Мемлекет басшысы - партия төрағасына партия қызметін жетілдіру және қайта қалыптау жұмыстарыныӊ нәтижесі туралы баяндады

Астана. 27 қаӊтар. Kazakhstan Today - Кездесу барысында Б.Байбек Мемлекет басшысы - партия төрағасына партия қызметін жетілдіру және қайта қалыптау жұмыстарыныӊ нәтижесі туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қазақстан Президенті партия саяси кеӊесініӊ кеӊейтілген отырысында ауқымды "Нұрлы жол" бағдарламасы қабылданғанын, ол әлемдік экономикадағы дағдарыстық құбылыстарға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталғанын атап өтті, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

- Бұл бағдарлама партияныӊ қолдауы аясында жүзеге асырылатын болады, өйткені оныӊ беделі бар, бүкіл еліміз бойынша көптеген адамдар партия сапында тұр. "Нұрлы жолды" қабылдау - елдіӊ болашақ дамуы мен халықтыӊ игілігі үшін зор мәні бар маӊызды шара. Осыған байланысты партия бастауыш ұйымдарға сүйене отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарына ден қоюы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев инфрақұрылымды сапалы дамыту, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан ілкімді қолдау көрсету "Нұрлы жол" бағдарламасыныӊ міндеттеріне кіретінін айтты.

- Кәсіпкерлер несиемен қамтамасыз етілуде, бизнес ашуға жағдай жасалып, тексерулер саны азаюда. Барлық кедергілер жойылуда. Жалпы, кәсіпкерлік Индустриялық-инновациялық даму, "Нұрлы жол" бағдарламалары, жол және баспана құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаӊғыртулар арқылы ұсынылатын мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Егер партия Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен осы бағытта тығыз ықпалдасатын болса, қажетті нәтижелерге қол жетеді. Экономиканы дамыту арқылы халықтыӊ әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеу қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Төрағаныӊ бірінші орынбасары партияныӊ сайлауалды тұғырнамасындағы міндеттемелерініӊ іс жүзінде 70 пайызға жуығы орындалғанына тоқталды. Ол Мемлекет басшысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасыныӊ бекітілгенін де айтты.

Б.Байбек сонымен қатар "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыру ісіне партияныӊ қатысуы туралы баяндады.

- Сіздіӊ тапсырмаӊызға сәйкес, Мәжілістегі және мәслихаттардағы партия фракцияларында "Нұрлы Жол" бағдарламасыныӊ орындалуы мен Ұлттық қор қаржысыныӊ пайдаланылуын қадағалайтын 4 комиссия құрылды, - деп хабарлады партия төрағасыныӊ бірінші орынбасары.

Б.Байбек Президентке партия мүшелері бағдарламаны табысты орындау үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыратынын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны