28.05.2008, 10:04 1495

Мемлекет басшысы парламент сенатының бір топ депутатын қабылдады

Мемлекет басшысы парламент сенатының бір топ депутатын қабылдады

Астана. 28 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы парламенті сенатының бір топ депутатын қабылдады, деп хабарлайды агенттік президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кездесу барысында Қазақстанның экономикалық дамуының және қоғамдық-саяси өмірінің өзекті мәселелері талқыланды.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов өзінің Римге сапары туралы айтып берді, онда Итальян Республикасының президенті Джорджо Наполитаноның қамқорлығымен "Еуропа-Ресей экономикалық форумы" болды.

- Маған сөз бергенде отырыс модераторы Қазақстан - бұл Ресейдің жаңа президенті Дмитрий Медведев өзінің алғашқы сапарын жасайтын ел деп хабарлады. Мұның өзі менің сөзіме және "Еуропаға жол" атты мен әңгімелеп берген қазақстандық бағдарламаға айрықша назар аудартты, - деп атап көрсетті Қ.Сұлтанов.

Комитет төрағасы сондай-ақ демография және көрші елдерде тұратын қазақтардың тарихи отанына оралу проблемасын көтерді.

Мемлекет басшысы қазіргі кезде Қазақстандағы демографиялық ахуал қалыпқа түсіп келе жатқанын атап өтті. Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша қазақстандықтардың саны шамамен 15,7 миллион адамды құрайды, олардың 65 пайызы қазақтар. Республика халқының жартысынан астамы, атап айтқанда, 53 пайызы қалаларда тұрады.

Сенатор Ғарифолла Есім Астананың жаңа нысандарының құрылысы тақырыбын қозғады. Ол өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде "Қазақ елі" монументін тұрғызудың зор маңызы бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ қазақ философы әрі ағартушысы Шәкәрімнің 150 жылдығын кеңінен атап өту қажет деген пікірін білдірді.

Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитетінің мүшесі Евгений Аман ауыл шаруашылығының проблемаларын көтерді.

Е.Аманның пікірі бойынша Қазақстанда аграрлық секторды қалпына келтіру кезеңі аяқталып келеді. Алайда, әлемде болып жатқан азық-түлік дағдарысы тұрғысынан келгенде Қазақстанда болашаққа арналған жоспарларды қайта бағалау қажет.

"Тұтастай алғанда күш-жігерді ауыл шаруашылығын индустрияландыруға бағыттау керек", - деді сенатор.

Евгений Аман сондай-ақ қазіргі кезде жердің 97 пайызы мемлекеттік меншікте екеніне назар аудартты - әдетте, ауыл тауар өндірушілері оны сатып алмайды, жалға алады. Соның салдарынан жер ресурстарына шаруақор көзқарас жоқ. Жер қалай пайдаланылып жатқанын ешкім бақыламайды. Егіншілік мәдениеті жоқ, тыңайтқыштар берілмейді.

Депутат бұрын Қазақстанда жер өңдеу кезінде жылына миллион тонна тыңайтқыш берілетінін, 2007 жылдың қорытындысы бойынша пайдаланылған тыңайтқыштар көлемі бар-жоғы 70 мың тоннаны құрағанын айтып берді. Е.Аман жерді пайдаланушыларды оны қалыпты жағдайда күтіп ұстауға, жел эрозиясымен күресуге, тыңайтқыш сіңіруге және жер өңдеу кезінде топырақ қорғау технологияларын қолдануға мәжбүрлейтін шаралар әзірлеуді ұсынды.

Мемлекет басшысы сенатордың көзқарасына қолдау білдірді.

Н.Назарбаев мемлекет елдің аграрлық секторына тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. "Ауыл" бағдарламасын іске асыру жылдарында ауыл шаруашылығына жыл сайын бір миллиард доллардан құйылып отырған.

"Қазіргі кезде де ауылға қаржылай көмек көрсетілуі жалғасуда. Биылғы жылы мемлекеттік қаржылай қолдаудың көлемі 127 миллиард теңгені құрады, мұның өзі былтырғы жылдың көрсеткіштерінен 2 есе артық", - деді Н.Назарбаев.

Президент сондай-ақ әлемдік дағдарыс жағдайында азық-түлік мәселесі үлкен саясатқа айналып отырғанын атап өтті. Мемлекет қазақстандықтар нан-тоқаш өнімдерімен және ұнмен қолжетімді бағалар бойынша қамтамасыз етілуін назарда ұстауы тиіс.

Мемлекет негізінен импортқа шығарылатын дақылдар өндірісіне субсидияларды ұлғайтуда. Мақсат - Қазақстанда майлы дақылдар, қант қызылшасы, көкөніс-бақша дақылдары, картоп өндірісінің артуын ынталандыру.

Сонымен қатар аграрлық секторға қаржы салу пайдалы болуда - қайтарым өте жоғары. Соңғы уақытта ауыл тұрғындары жақсы өнім және тиісінше жақсы табыстар табуда. Бұл қаражат саланы дамытуға қайтадан инвестициялануы тиіс.

"Ауыл шаруашылығы менің тікелей қамқорлығымда. Аграрлық секторға көмек көрсетілетін болады", - деді президент.

Сенатор Серік Ақылбай қылмысқа қарсы күрес тақырыбын қозғады. Ол құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейту қажеттігіне назар аудартты.

Кездесуді қорытындылай келіп, Н.Назарбаев этностық қазақтардың тарихи отанына оралуы, олардың қазақстандық қоғамда тездетіп бейімделуіне жағдай туғызу тақырыбын сөз етті.

Президент сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне тоқталды. Қазақ тілі басқа тілдерге залал келтірместен дамуы тиіс. Н.Назарбаев қазақ тілін дамытудың қоғамдық қорын құруды ұсынды, оған ана тілінің проблемаларына енжар қарамайтындардың бәрі қаржы жинайтын болады. Тұңғыш президент қорынан жаңа қорға 500-600 миллион теңге көлемінде бастапқы қаржы аударылады.

Президент елорданың 10 жылдығын мерекелеу тақырыбын да сөз етті. Н.Назарбаев Ақмоланың Қазақстан экономикасына қосатыны бар-жоғы бір пайызды құрағанын еске салды. Қазіргі кезде қаланың ішкі өңірлік өнімі 20 есе өсті. Астананың халқы үш есе көбейді.

"Жаңа елорданы салу - Қазақстанның ең көрнекті инновациялық жобасы", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Парламенттің ағымдағы міндеттері туралы сөз еткен президент жаңа Салық кодексін әзірлеу мәселесін қозғады. Оған шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыруды, сондай-ақ, бәлкім, дифференциалдық табыс салығын көздейтін өзгерістер енгізу керек.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны