01.02.2011, 13:35 3885

Мемлекет басшысы президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөнінде ұсыныс білдірді

Мемлекет басшысы президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөнінде ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Астана. 1 - ақпан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөнінде ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылғы 31 қаңтар күні Қазақстан Ресчпубликасының Конституциялық Кеңесі Конституцияға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өкілеттігін республикалық референдум арқылы ұзартуды қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңның құқықтық тағдыры туралы шешімін шығарды. Парламент депутаттары бұл заңды референдумды қолдау жөніндегі үндеуге қолдарын қойған бес миллионнан астам қазақстандықтың қалауын басшылыққа ала отырып қабылдаған болатын.

"Бұл бастаманы мен өз Жарлығыммен қабылдамай тастадым. Алайда, Парламент конституциялық құқығын пайдаланып, аталған заңды қабылдады. Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған шешімді қарап, Заңды Конституцияға сәйкес келмейді деп мойындады. Мұнымен Конституциялық Кеңес осы мәселеде республикалық референдум өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Мен қабылданған шешіммен келісемін", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент бүкілхалықтық сенім білдіргені үшін барша қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдірді. Бұл Мемлекет басшысы жүргізіп келе жатқан экономикалық даму және елімізді әлеуметтік жаңғыртудағы бағдарға бүкілхалықтық қуатты қолдаудың шынайы көрсеткіші және Ұлт Көшбасшысына бүкілхалықтық сенімнің айқын айғағы болып табылады.

"Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қолдауынан артық биік баға болмайды. Бастамашыл топтың осы ұсыныс арқылы Елбасы өкілеттігін 10 жылға ұзарту ғана емес, халқымыз бен еліміздің өркендеуіне және қоғамдық тұрақтылық пен келісімді нығайту бағытындағы іргелі істерді жалғастыруды көздегеніне сенемін", - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

"Демократиялық жолмен сайланған тұңғыш Президент ретінде еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып, мен референдум өткізбеу туралы шешім қабылдадым. Жұртшылықты бөлетін "референдум әлде сайлау" деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынамын. Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін", - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үдемелі индустриалды-инновациялық даму және әлеуметтік жаңғырту бағдарламаларын батыл іске асыруда екенін атап өтті.

"Бірге кеңесе отырып ойға алған жоспарларымызды іске асырамыз және Отанымызды гүлдендіре түсеміз деп кәміл сенемін. Біз кемел келешегіміздің берік іргесін бірге қалаймыз!" - деп атап өтті Президент.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны