17.06.2016, 09:32 6478

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясыныӊ іскер топтар өкілдерімен кездесті

Кездесуге "Еурохим", "Эфко", "Лукойл", "Полиметалл", "Еуропа подшипник корпорациясы", "Сколково", "Ресей темір жолдары" және "АвтоВаз" сияқты ресейлік ірі компаниялардыӊ жетекшілері қатысты

Астана. 17 маусым. Kazakhstan Today - Кездесуге "Еурохим", "Эфко", "Лукойл", "Полиметалл", "Еуропа подшипник корпорациясы", "Сколково", "Ресей темір жолдары" және "АвтоВаз" сияқты ресейлік ірі компаниялардыӊ жетекшілері қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев одан әрі бірлесе жұмыс жүргізу үшін әлеуеттіӊ жеткілікті екенін, бүгінде Қазақстанда ресейліктердіӊ қатысуымен 6 мыӊға жуық кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұл туралы Ақорданыӊ баспасөз қызметі хабарлады.

- Елеулі нәтижелер, қызғылықты жобалар мен перспективалы бастамалар баршылық. Қазақстан экономикасына "Лукойл", "Газпром", "Русал", "Полиметалл", "Еурохим" және басқа да көптеген компаниялар қаржы салуда. Соӊғы жылдардағы біздіӊ басты жетістігіміз - Еуразиялық экономикалық одақтыӊ құрылуы, біз бүгін соныӊ аясында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта ЕАЭО-ныӊ қажетті заӊнамалық базасы қалыптасты, тауарлардыӊ, қызметтердіӊ, капитал мен жұмыс күшініӊ еркін қозғалысы қамтамасыз етілді. Бұл аз шаруа емес. Бастысы - одақ кеӊістігінде біздіӊ өндірушілердіӊ еркін бәсекелестігі қамтамасыз етілді. Келесі кезеӊ - мұнай мен газдыӊ, электр энергетикасыныӊ, жекелеген қызмет түрлерініӊ, дәрі-дәрмектіӊ ортақ нарығын қалыптастыру, - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы инвестициялық тартымдылықтыӊ жаӊа сатысына көтерілу үшін, қазіргі дағдарысқа тойтарыс беру үшін Қазақстанда қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев елді индустрияландырудыӊ екінші бесжылдығын іске асыру мемлекеттіӊ өткен жылдардағы жұмсаған күш-жігерініӊ арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

- Индустрияландырудыӊ басым бағыттары - металлургия, химия и мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары, азық-түлік өндірісі. Басымдығы бар салаларда жұмыс жүргізетін инвесторлар үшін корпоративтік табыс салығынан, 10 жыл мерзімге жер салығынан, 8 жылға мүлік салығынан босату түріндегі артықшылықтар қарастырылған. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін инвесторларға 30%-ға дейін капитал шығындары қайтарылатын болады. Шетелдік жұмыс күшін қандайда бір квотасыз және рұқсаттамасыз тартуға мүмкіндік берілді. Бұдан бөлек, 2015 жылы инвесторлар үшін визасыз режім тізімінде әлемніӊ 35 еліне дейін қамтылатын болады, 2017 жылдан бастап ол 54 елге дейін жеткізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. АЭА аумағында тұтынылатын тауарлар үшін жер, мүлік және қосымша құн салығынан босату түріндегі жеӊілдіктер ұсынылады. Жер учаскесін жалға алу 10 жылға дейін тегін, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі жұмыстар туралы айтылды.

- Соӊғы жылдарда біз рұқсат беретін құжаттар санын екі есе қысқарттық және оларды алу рәсімдерін жеӊілдеттік, электрондық үкімет жұмыс істеп тұр. Халықаралық сарапшылардыӊ бағалауынша, әлемдегі үздік фискалдық саясаттыӊ бірі Қазақстанда жүргізілуде. Дүниежүзілік банктіӊ "Бизнес жүргізу жеӊілдіктері" рейтингісініӊ "салық салу" көрсеткіші бойынша, еліміз 189 елдіӊ ішінен 18-орынға ие болып отыр. Дүниежүзілік банктіӊ "Doing Business" рейтингісі бойынша Қазақстан соӊғы жылы 12 сатыға жоғарылап, 41-орынға жетті. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексініӊ рейтингісі бойынша 8 тармаққа жоғарылап, 42-орынға табан тіреді, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерініӊ тәжірибесі бойынша Қазақстан Үкіметініӊ мемлекеттіӊ экономикаға қатысу үлесін азайту жөніндегі жұмысына назар аударды.

- Осы мақсатта ауқымды жекешелендіру науқаны жүргізіліп жатыр. Мұнай өӊдеу, энергетика, инфрақұрылым нысандарын қамтитын экономиканыӊ түрлі салаларындағы 800-ге жуық кәсіпорын саудаға шығарылды. Тікелей жекешелендіруден бөлек, мемлекет-жекеменшік қағидаттары негізінде де ынтымақтасуға әзірміз. Біз мемлекет пен бизнестіӊ инвестиция саласындағы осындай ұзақ мерзімді өзара іс-қимылыныӊ барлық қырларыныӊ кешенді түрде реттелуін қамтамасыз ететін жаӊа заӊ қабылдадық, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елде заманауи мультимодальды көлік-логистика хабы құрылып, ежелгі заманнан Қазақстан аумағы арқылы өткен Ұлы Жібек жолыныӊ бағдары қайта жаӊғыртылып жатқанын айтты.

- Қысқа мерзім ішінде біз 2 мыӊ шақырымнан астам теміржол желісін және 4 мыӊ шақырым автомобиль жолын салдық. Қытайдыӊ шекарасындағы Қорғас "құрғақ портын" Каспий теӊізіндегі Ақтау теӊіз портымен және одан әрі Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына дейін тіке байланыстырдық. Ұзындығы 2 мыӊ 800 шақырым "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автожолы құрылысын аяқтап жатырмыз. 2019 жылға дейін жалпы ұзындығы 8 мыӊ шақырымнан асатын 17 автожол жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде біз Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оӊтүстікті тікелей байланыстыратын толыққанды стратегиялық көлік дәлізіне ие боламыз. Мәселен, Қытайдан Иранға бет алған жүк теӊіз жолымен бір ай, бір жарым ай жүрсе, сондай тасымал құны бойынша Қазақстан арқылы 15 күнге жуық уақытта жетеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті "Астана" халықаралық қаржы орталығы" жобасын іске қосу жоспарланып отырғанын еске салды.

- Осындай орталықтардыӊ құрылу тарихын зерттей келгенде, біз үшін Дубайдыӊ тәжірибесі мейлінше тартымды болды. Халықаралық қаржы орталығы өзіне АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания қаржы нарықтарыныӊ еӊ үздік тәжірибесін үлгі ретінде алып, инвесторларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Мұндай орталықтыӊ посткеӊестік аумақта баламасы болмайды. Корпоративтік және жеке табыс салығын, жер және мүлік салығын төлеуден 50 жыл мерзімге босату көзделуде. Заӊнама ағылшын құқығы қағидаттарына негізделетін болады. АХҚО-ға қатысушылар және олардыӊ қызметкерлері үшін жеӊілдетілген виза және еӊбек режімі қолданылады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соӊында Мемлекет басшысы ресейлік инвесторларға біздіӊ елдегі іскерлік саласына белсене атсалысып келе жатқандары үшін ризашылық білдіріп, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырды.

Ресей компаниялары басшылары сөйлеген сөздерінде Қазақстан Президентіне кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне ұдайы көӊіл бөліп отыратыны және елде қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастырғаны үшін алғыс айтты.

Бизнесмендер, сондай-ақ, қазіргі кезде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдіріп, серіктестікті одан әрі тереӊдетуге мүдделілік танытты.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны