17.06.2008, 14:46 3948

Мемлекет басшысы саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметтің ара жігін айқын ажырату қажет деп санайды

Мемлекет басшысы саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметтің ара жігін айқын ажырату қажет деп санайды

Астана. 17 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметтің ара жігін айқын ажырату қажет деп санайды. Бұл туралы мемлекет басшысы бүгін "Елдің бәсекелестік қабілетін көтерудегі мемлекеттік қызметтің ролі" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Біз саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметтің ара жігін айқын бөлетін боламыз. Саяси мемлекеттік қызметке сайлауда жеңіске жеткен саяси партиялар ұсынатын жариялы тұлғалар жіберіледі", - деді Н.Назарбаев.

"Логика бойынша, оған министрлер, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, орталық деңгейдегі бірқатар шешуші басшылар кіреді", - деді президент. "Олардың бәрі де парламентте басымдыққа ие партияның мүшелері, сол партияның тұғырнамасы үкіметтің іс-әрекет бағдарламасы болмақ. Саяси мемлекеттік қызметкерлердің жеке беделі мен жеке басының қасиеттері партияның беделі мен имиджін нығайтуға тиіс, керісінше болмауы керек", - деді Н. Назарбаев.

"Оларға қызмет этикасы мен партиялық тәртіп тұрғысынан қатаң талаптар қойылатын болады. Саяси қызметкерлер негізінен жоғарғы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің қатарынан ешбір кінәратсыздығымен және мінсіздігімен көзше түскендерден ұсынылады", - деді мемлекет басшысы. "Өкінішке орай, бүгінде әрдайым олай бола бермейді. Біз осы іспен шұғылдануымыз керек", - деді президент.

Н. Назарбаевтың атап көрсеткеніндей, әкімшілік мемлекеттік қызмет жаңа модель бойынша екі басты корпустан құралады. "Бірінші корпусты мен шартты түрде "А корпусы" деп атауды ұсынамын. Бұл кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің корпусы, олар билеуші саяси партия ойластырған мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асырумен айналысады", - деді президент. "А корпусына" жауапты хатшылар, мемлекеттік холдингтердің, ұлттық компаниялардың басшылары, сондай-ақ, атқарушы билік органдарының өзекті департаменттерінің директорлары, комитет төрағалары, аудандар мен қалалардың әкімдері кіреді.

"Барлық қалған әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер екінші "Б корпусына" кіреді, - деді Н. Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны