06.03.2007, 18:20 3292

Мемлекет басшысы сәуірдің аяғында Қырғызстанға ресми сапармен барады

БІШКЕК. 6-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың сәуір айының аяғында Қырғызстанға ресми сапармен барады. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Қазақстанның Қырғызстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Өмірзақ Өзбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Сәуірдің үшінші онкүндігінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанға ресми сапары жоспарлануда",- деп хабарлады Ө. Өзбеков. Оның ақпараттарына сүйенсек, қазіргі уақытта республикалардың сыртқы саясат мекемелері сапар барысында қаралатын мәселелердің тізімін қарастыруда. "Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары екі елдің қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын",- деп атап өтті елші.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында Ө. Өзбеков Қырғызстанның журналистерін еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауымен таныстырды. "Соңғы жылдары көптеген қазақстандықтар, тіптен саясаттан хабары аздары да ел президентінің жыл сайынғы жолдауын асыға күтеді, әрине, бұл халықтың жоғары азаматтық белсенділік танытуының белгісі болып табылады",- деді елші. "Бұл түсінікті жайт: жолдаудың мәтіні айтарлықтай түсінікті, әрбір адамның мұқтаждығын барынша ескереді, және ол әрқашан да жақсылыққа бағышталған нақты өзгерістерді нысана етіп алады",- деп атап көрсетті Ө. Өзбеков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны