21.12.2015, 20:15 4641

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеӊесініӊ отырысына қатысты

Отырысқа сондай-ақ Армения Республикасыныӊ Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасыныӊ Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасыныӊ Президенті А.Атамбаев, Ресей Федерациясыныӊ Президенті В.Путин және Тәжікстан Республикасыныӊ Президенті Э.Рахмон қатысты

Астана. 21 желтоқсан. Kazakhstan Today - Отырысқа сондай-ақ Армения Республикасыныӊ Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасыныӊ Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасыныӊ Президенті А.Атамбаев, Ресей Федерациясыныӊ Президенті В.Путин және Тәжікстан Республикасыныӊ Президенті Э.Рахмон қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Кездесу барысында тараптар ҰҚШҰ-ныӊ жауапкершілігі аймағындағы қазіргі ахуал мен әлемніӊ бірқатар өӊірлеріндегі шиеленістіӊ ушығуына байланысты Ұйымныӊ бұдан арғы іс-қимылы жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар ҰҚШҰ тұрақты органдарыныӊ лауазымды тұлғаларыныӊ ротациясы мәселелері қаралды. Бұл туралы Ақорданыӊ баспасөз қызметінен хабарлады.

Мемлекеттер басшылары БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына сәйкес кеӊ ауқымды антитеррорлық коалиция қалыптастыру қажеттігіне тоқталды. Отырысқа қатысушылар терроризмге қарсы күрес оны қаржыландыру көздерін шектемейінше нәтижелі болмайтынын атап өтті.

Іс-шарада Сириядағы антитеррорлық іс-қимылға қатысқан Ресейдіӊ Су-24 әскери ұшағын атып түсіруге байланысты оқиға да талқыланды.

Тараптар ҰҚШҰ-ныӊ күш-қуат әлеуетін нығайтуға, контртеррорлық бағыттағы жұмыстарын жандандыруға, жаӊа қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тиімді іс-қимыл жасау мақсатында жедел әрекет ететін ұжымдық күштердіӊ дайындығын арттыруға ниетті екенін қуаттады.

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары бірауыздан ҰҚШҰ Бас хатшысы Н.Бордюжаныӊ өкілеттік мерзімін 2017 жылғы 1 қаӊтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Кездесу қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданды:

- ҰҚШҰ мемлекеттері басшыларыныӊ мәлімдемесі;

- ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеӊесініӊ "ҰҚШҰ тұрақты қызмет ететін жұмыс органдарыныӊ лауазымды тұлғаларыныӊ ротациясы туралы" шешім;

- ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеӊесініӊ "ҰҚШҰ Бас хатшысы туралы" шешімі.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны