13.04.2007, 10:59 3232

Мемлекет басшысы жолдауды жүзеге асыру мәселелеріне орай кеңес өткізді

АСТАНА. 13-сәуір. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше үкіметтің, президент әкімшілігі және мемлекеттік даму институттары басшылығының қатысуымен кеңес өткізді. Онда жолдауды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Кеңесті ашқан президент мемлекеттік органдар басшылары мен қызметкерлерінің, барша қазақстандықтардың Қазақстан экономикасын дамытуда жаңа сапалық кезеңнің қажеттілігі туындағанын түсінуінің маңызын атап өтті. Президенттің таяудағы Қазақстан халқына Жолдауының мәні осы жаңа кезеңге негіз болып табылады.

Елдің тұрақты макроэкономикалық өсімі Қазақстанның әлемдік экономикаға ықпалдасу қарқынын арттыру үшін сүбелі дәйек болып табылады. Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің өсуі 10 пайыздан асты, өңдеу өнеркәсібі бойынша - 11 пайыз, ал машина және жабдықтар өндірісі - 19 пайызды құрады. Осы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтардың кесімді еңбек ақысы 26 пайызға көтерілді.

Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру мен "ұтқыр" жобаларды жүзеге асыруға орай өнімдері сыртқы нарықта сұранысқа ие болған отандық 30 көшбасшы компанияны қалыптастырудың зор маңыздылығы мен келешегін атап өтті.

Елбасы үкіметке қысқа мерзімде экономиканы жаңғырту жөніндегі шаралар туралы жарлық әзірлеп, енгізуді тапсырды, оған сәйкес премьер-министрдің төрағалығымен мемлекеттік комиссия құрылатын болады.

- Үкімет көшбасшы кәсіпорындар тізімі жөнінде нақты ұсыныс енгізіп, осы қағидатты жаңа іске қатысушылардың бәрін дәлме-дәл үйлестіруі қажет. Біз қаржы қаражаты қалайша жинақталатынын нақты түсінуге тиіспіз. Егер тұрғындар қаржысын тарту жоспарланып отырса, онда барлық ұсынылатын кепілдіктерді егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Егер біздің банктеріміздің немесе бизнес-құрылымдарымыздың қаржысы тартылатын болса, онда оларға жан-жақты жасалған жобалар ұсынылуы тиіс. Активтері 16 миллиард долларға жақындап қалған Ұлттық қордың қаржысын қалай пайдалану керектігі тұрғысында да нақты ойланған жөн. Аталған бағдарламаларды жүзеге асыру аясында қор рыногы жұмысының тиімділігін есепке алған да ұтымды болмақ.

Алайда қаржы іздестіру мен жаңа өнім шығару - бұл істің басы ғана. Ең бастысы, өнімді қолдау мен алға жылжыту жүйесін, маркетинг жүйесін құру қажет, онсыз біздің өнімдерді халықаралық нарыққа шығару мүмкін болмайды. Бұл өте ауқымды жұмыс, - деп атап көрсетті Елбасы.

Мемлекет басшысы кеңесте "ұтқыр жобаларды" іс жүзінде жүзеге асырудағы даму институттарының рөліне, өңдеу өнеркәсібін қаржыландыру және инвестиция тартуға, транспорттық және инфрақұрылымдық жобаларға, құрылып отырған әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне, әкімшілік реформа барысына, Жолдауды жүзеге асыруды нормативтік құқықтық қамтамасыз етуге қатысты бірқатар мәселелерді алға қойды.

Кеңесте премьер-министр Кәрім Мәсімов, "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ президенті Қайрат Келімбетов, "Самұрық" ұлттық холдингтік компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев, "Сарыарқа" ИКК басқарма төрағасы Альберт Рау, "Қазагро" Ұлттық холдингі" АҚ басқарма төрағасы Илихан Смайылов, индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов, көлік және коммуникациялар министрі Серік Ахметов, энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетов, ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов, Иділет министрі Зағипа Бәлиева, Қаржы министрі Наталья Коржова, ҚР президентінің көмекшісі Серік Бүркітбаев баяндама жасады.

"Біз сіздің тапсырмаңыз бойынша бағдарламаның бастапқы нұсқасын әзірледік. Алайда, жүйелі деңгейде шешілуі тиіс бірқатар мәселелер бар. Жуық арада біз өнеркәсіпті, газ саласын, тұрғын үй құрылысын дамытудың негізгі бірден-бір шарты ретінде электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұсыныстарды Сіздің қарауыңызға енгіземіз. Сондай-ақ 100 мектеп пен 100 аурухана құрылысын салу, халықтың инвестициялық сауатын арттыру, әкімшілік реформа жөніндегі Сіздің тапсырмаларыңызға байланысты мәселелер жетілдірілуде. Сонымен қатар біз кезекті отырысымызда кедендік саясат жөнінде нақты ұсыныстар енгіземіз. Ең бастысы - бұл экономикалық өсу қарқынын арттыру, бұл тұрғыда үкімет өзінің барлық күш-жігерін ел экономикасын жаңғыртуды жүргізуге бағыттайды", - деп атап өтті Кәрім Мәсімов өзінің сөйлеген сөзінде.

"Үкіметтің барлық секторлар бойынша атқарып отырған жұмысын жалпы жүйелеу - бұл оң қадам. "Қазына" қоры, "Самұрық" холдингі, "Қазагро", ИКК секілді даму институттары іс жүзінде жұмысқа кірісті. Олар өздерінің жұмыс жоспарлары мен перспективаларын нақтылады. Менің жарлығыммен бекітілген жолдауды іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың нақты жалпыұлттық жоспарының бары аса маңызды. Біз ТМД елдерінде ешкім бастамаған аса байыпты әрі маңызды істі алғашқы болып қолға алдық. Сондықтан, барлығымыз осы міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмылайық", - деді президент кеңесті қорытындылай келе.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны