03.09.2012, 12:43 3334

Мемлекет басшысының қатысуымен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы басталды

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.

Астана. 3-қыркүйек. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен бесінші сайланған ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы басталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Қазақстан Республикасы Парламентінің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституциямен, "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңмен және басқа да заңнамалық актілермен айқындалады. Парламенттің өкілеттігі бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады.Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланымдағы Мәжіліс депуттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады. Парламенттің өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген жағдайларда және тәртіппен ғана мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.

Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстық,республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, оның он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл.

Мәжіліс жүз жеті депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі -бес жыл.

Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда қалыптастырылды.

Бесінші шақырылымда конституциялық нормаларға сәйкес 2008 және 2011 жылдары сайланған, 2007 және 2011 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған Сенат депутаттарының өкілеттіктері жалғастырылды.

Парламент Мәжілісінің сайлауына жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі қорытынды нәтижелер бойынша сайлаушылар даусының 7%-дан астамын жинады және Парламент Мәжілісіне: "Нұр Отан" Халықтық-Демократиялық партиясы (80,99%), Қазақстанның "Ақ жол" Демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19 %) өтті.

Парламент Мәжілісінде "Нұр Отан" партиясынан 83 депутат, "Ақ жол" партиясынан - 8 депутат, ҚКХП-нан - 7 депутат жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан - 9 депутат. Мәжіліс құрамында барлығы 107 депутат бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны