05.10.2006, 11:29 3450

Мемлекет басшысының Маңғыстау облысына жұмыс сапары жалғасуда

АҚТАУ. 5-қазан. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен жүр, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Кеше кешке Атырау облысынан Ақтауға келген президент бірден өнеркәсіп нысандарын аралауға шықты.

Н.Назарбаев "Мұнайгаз құбыры" АҚ-ның мұнай құбырларын шығаратын зауытының ашылу рәсіміне қатысты.

"Жаңа зауытты іске қосу дамып келе жатқан Маңғыстау өңірі үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін аса маңызды оқиға. Республика экономикасы осынау өнімге үлкен мұқтаждық танытуда. Бір ғана "ҚазМұнайГазға" осындай 0,5 млн. тонна құбыр қажет. Бұған дейін еліміздің кәсіпорындары бұл өнімді Ресей мен Украинадан алып келді",- деді президент.

Мемлекет басшысы "зауыт Қазақстанның экономикалық жүйесінде маңызды бір буынға айналып, елімізді әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру мақсатына жеткізеді" дегенге сенім білдірді.

Зауыт құрылысы 2003-жылы басталған. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде халықаралық стандартқа сәйкес төмен және жоғары қысымды, спираль жапсарлы мұнай сортаменті құбырларын өндіру межеленген. Зауыт жылына 60 мың тонна болат құбырларды өндіреді.

Сонымен бірге Елбасы "Ақтау шыны талшықты құбырлар зауыты" ЖШС-інде болып, өнім өндіру барысымен танысып, кәсіпорының дайын өнімдерінің үлгісімен танысты.

Зауыттың бірінші кезегі 2004-жылы, екіншісі - 2005-жылы пайдалануға берілген. Зауыт полиэфир және эпоксидтік негізде, түрлі диаметрлі 250 мың метр әйнек талшықты құбырлар өндіреді. Кәсіпорын өнімдері API, ISO-9001 халықаралық стандарттарына сәйкес.

Президент сондай-ақ ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілген "ҚазАзот" ЖШС-інің жұмысымен танысты. Зауытта өндірілетін минералды тыңайтқыштар мен басқа да химиялық өнімдер Қытай, ТМД және Еуропалық Одақ елдеріне экспортталады.

Бүгін Елбасы Ақтау теңіз айлағының аумағын солтүстікке қарай кеңейту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысып, металл құрылғылар өндіретін Қазақстан мен Сингапур бірлескен "KEPPEL Kazakhstan" ЖШС-нің бірінші кезегінің ашылуына қатысады. Сонымен бірге президент №25744 әскери бөілімінде болып, Маңғыстау облысы бойынша резервтік әскери бөлімінің жауынгерлік дайындығымен танысады. Бұдан кейін президент Құрық ауылындағы "ЕрСай" ЖШС-нің металл құрылғылар өндіретін зауытын салтанатты түрде іске қосу шарасына қатысады.

Н.Назарбаев сонымен қатар демеушілердің қаржысы мен қайыр-садақа қаражатына салынған Бекет Ата мешітінде болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны