18.05.2016, 20:19 4166

Мемлекет басшысыныӊ төрағалығымен елдіӊ 2016 жылғы 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеӊес өтті

Орталық мемлекеттік органдардыӊ басшылары, облыстардыӊ және Астана мен Алматы қалаларыныӊ әкімдері қатысқан кеӊесте елдіӊ 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, негізгі мемлекеттік бағдарламаларды өӊірлерде жүзеге асыру мәселелері, Тәуелсіздіктіӊ 25 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы талқыланды

Астана. 18 мамыр. Kazakhstan Today - Орталық мемлекеттік органдардыӊ басшылары, облыстардыӊ және Астана мен Алматы қалаларыныӊ әкімдері қатысқан кеӊесте елдіӊ 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, негізгі мемлекеттік бағдарламаларды өӊірлерде жүзеге асыру мәселелері, Тәуелсіздіктіӊ 25 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы талқыланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Мемлекет басшысы экономикадағы қиындықтарға қарамастан, елдіӊ өӊдеуші өнеркәсібінде өсім байқалып отырғанын, ауыл шаруашылығында көлем 2,6%-ға, көлік саласында 4%-дан аса, құрылыста 6,5%-ға ұлғайғанын атап өтті, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

- Елдіӊ тоғыз өӊірінде өндіріс көлемініӊ өсімі қамтамасыз етілді. Былтыр инвестициялар индустрияландыру бағдарламасыныӊ басымдығы бар салаларында, соныӊ ішінде машина жасау өндірісінде 7 есеге, тамақ өнеркәсібінде 30%-ға, мұнай өӊдеу өнімдері өндірісінде 81%-ға өсті. Бұл - аталған салаларға тікелей шетел қаражатын салудыӊ нәтижесі. Жалпы, негізгі капиталға салынатын инвестициялар ел бойынша 15%-ға артты. Бұл инвесторлар тарапынан мүдделіліктіӊ сақталып отырғанын айғақтайтын көрсеткіш, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев егіс науқаны аясында елдіӊ ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер барлық қажетті нәрсемен қамтамасыз етілгеніне, соған байланысты бұл салада жақсы нәтижелерге үміт артуға болатынына назар аударды.

Қазақстан Президенті әлеуметтік саладағы оӊ көрсеткіштерге де тоқталды.

- Біз жұмыссыздықтыӊ артуына жол бермей, оныӊ деӊгейін бұрынғы 5 пайыздыӊ деӊгейде сақтай алдық. Бюджет түсімдерініӊ қысқарғанына қарамастан, мен мемлекеттіӊ барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға нақты тапсырма бердім. Халық тұрмысыныӊ төмендеуіне жол беруге болмайды. Бұл - барлық деӊгейдегі мемлекеттік органдардыӊ негізгі міндеті. Біз биыл бюджет саласы қызметкерлерініӊ жалақысын білім беру саласында - 29%-ға, денсаулық сақтау саласында - 28%-ға, өзге салаларда 40%-ға көтердік. Студенттердіӊ стипендиялары, сондай-ақ мүгедектікке және асыраушысынан айрылуға байланысты жәрдемақы көлемі 25%-ға ұлғайды. Ынтымақты зейнетақы төлемдерініӊ көлемі 9%-ға көтерілді. Осыныӊ бәрі дағдарысқа қарсы уақтылы қабылданған шаралардыӊ нәтижесі болып саналады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Бес институционалдық реформа аясында құрылымдық өзгерістер жүргізіліп жатқанын, олар экономиканыӊ кез келген жаһандық сын-қатерге қарсы тұру қабілетін нығайтуға бағытталғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысқа қарсы шаралардыӊ маӊызды бөлігі индустрияландыру және "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру болып саналатынын айтты.

- Индустрияландырудыӊ алты жылыныӊ қорытындысы бойынша барлық өӊірде 900-ге жуық жаӊа кәсіпорын іске қосылды. Дәл осы кәсіпорындардыӊ жұмысы экономикамыздыӊ қазіргі жағдайына тірек болды. Бұл ретте іске қосылған кәсіпорындардыӊ бәрі бірдей жобалық қуатына жеткен жоқ. Мәселен, 21 жоба тоқтап тұр, 13 жоба проблемалы нысан ретінде тізімнен шығарылған. Биылғы төрт айдыӊ статистикасы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру нашар жүргізіліп, экономиканы әртараптандыру ісімен айналыспаған жерде құлдырау болатынын көрсетіп отыр. Кемшіліктерді ескере отырып, бағдарламаны жүзеге асыру қағидаттарын бәсекеге қабілеттілік, бизнес-модельдіӊ тиімділігі мен қаржы нәтижелілігі өлшемдері негізінде қайта қарау қажет. Қайтымы болатын жобаларды ғана қаржыландыру керек, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті биылғы экономикалық саясаттыӊ ұстыны "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы болғанына назар аударды.

- Ол өзініӊ әлеуметтік салаға бағдарланғандығымен маӊызды. Бірақ мұны әкімдердіӊ бәрі бірдей түсінбеген сияқты көрінеді. Бағдарламаны жүзеге асыруға қаржы бөлу жөнінде мен ақпанда хабарлаған болатынмын. Биыл 840 миллиард теӊге бөлу қарастырылған, наурызда қызу жұмыс жүріп жатуы тиіс еді. Алайда, бүгінде осы қаражаттыӊ өӊірлерге тек 8%-ы түскен, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы "Бизнестіӊ жол картасы - 2020" аясындағы инфрақұрылымдық жобалар құрылысы бойынша жұмыстыӊ тиісті деӊгейде басталмағанына да назар аударды.

- "Жол картасына" бағытталған ақша баспана, жол, аурухана, сумен қамту нысандары құрылысы арқылы халыққа қызмет етуі және пайда әкелуі тиіс, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" бағдарламасын, сондай-ақ "Жұмыспен қамту-2020" жол картасын жүзеге асыруға бөлінетін қаражатты уақтылы және сапалы игеруді қамтамасыз етудіӊ маӊыздылығына да тоқталды.

Бұдан бөлек, облыстардыӊ, Астана мен Алматы қалаларыныӊ әкімдеріне жұмыс орындарыныӊ сақталуын, өндірістік кәсіпорындардыӊ тұрақты жұмысыныӊ қамтамасыз етілуін және олардыӊ өндіретін өнімдерініӊ облысаралық кооперация арқылы да жеткізілуін қадағалау тапсырылды

Қазақстан Президенті 5 мамырдағы кеӊес барысында өзініӊ бірқатар маӊызды тапсырма бергенін еске салды.

- Мен жер туралы заӊнаманыӊ бірқатар ережелерініӊ іске асырылуын тоқтату туралы жарлыққа қол қойдым. Тиісті комиссия құрылып, өз жұмысын бастады. Оныӊ алғашқы отырысы зор резонанс тудырды. Комиссия мүшелері жер туралы заӊнаманы жетілдіру жөніндегі үйлесімді ұстанымдарын әзірлеуге тиіс. Жер үшін шынымен жаны ауыратындардыӊ бәрі өз сөзін айтуы керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы облыстардыӊ, Астана мен Алматы қалаларыныӊ әкімдеріне бұл мәселені халық арасында түсіндіру жұмысын белсенді түрде жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев алда келе жатқан Тәуелсіздіктіӊ 25 жылдығы қазақстандықтарға және бүкіл әлемге жеткен жетістіктерімізді көрсетудіӊ жақсы мүмкіндік беретінін айтты.

- Еліміздіӊ жетістіктерін бағалай білу қажет, болашақ ұрпақ онымен мақтануға тиіс. Осы кезеӊде бізге сырттан сынай қарап отырғандар көп. Біз әлем алдында ұятқа қалмай, күрделі мәселені сындарлы сұхбатпен шеше алатынымызды паш ете білуіміз қажет. Алға қойған мақсатына жұмыла ұмтылатын ел екенімізді көрсетуіміз керек, - деді Мемлекет басшысы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны