28.10.2020, 22:34 8703

Мемлекет басшысы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяны қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы ақпарат берілді.

Алматы. 28 қазан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" компаниялар тобының 9 айдағы жұмысының қорытындылары туралы есеп берілді.

Ахметжан Есімовтің мәліметінше, есептік кезеңдегі таза табыс жоспарланған 167 млрд теңгеден 2,6 есеге асып, 436 млрд теңгеге жеткен. Биыл Үкіметке 120 млрд теңге көлемінде дивидендтер төленіп, 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 есе артық. Сондай-ақ энергетикалық, мұнай-газ, уран, телекоммуникациялар, пошта және басқа да салалардағы компаниялар тобының барлық кәсіпорындарында үздіксіз жұмыс қамтамасыз етілді. Өндірістегі жұмыс орындары жаппай қысқартуға ұшырамай, персонал толық құрамда сақталды, қызметкерлерге еңбекақы уақытылы төленіп отыр.

"Самұрық-Қазына" басшысы Қор сатып алулар жүйесі арқылы ел экономикасын қолдауға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі жұмысты жалғастырып жатқанын хабарлады. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қордың сатып алулар жүйесіндегі жергілікті өнім үлесі 66% құрады. Бәсекелестік ортаға 819 млрд теңгеге сатып алулар шығарылған. Бизнестің 17 000 субъектісі Қордың сатып алуларына қатысуға мүмкіндік алды. 2020 жылдың басынан бері компаниялар тобы 2,4 трлн теңгеге отандық бизнеспен шарттар жасасып, жергілікті кәсіпорындарға 12 мың тапсырыс берілген. Аталған кәсіпорындарда 280 мың адам жұмыс істейді. Есеп бойынша мемлекеттік бюджетке 170 млрд теңге көлемінде салық төлемдері түсуі тиіс.

Сондай-ақ Қазақстан Президентіне Қорды инвестициялық холдингке айналдыру тұжырымдамасы ұсынылды.

Басқарма басшысы Ахметжан Есімов Қасым-Жомарт Тоқаевқа инвестициялық холдингке айналдырудың артықшылықтары туралы айтты. Оның сөзінше, бұл активтердің географиясы мен салалары бойынша портфельді әртараптандыруға, инвестициялардың табысын арттыруға, дивидендтердің есебінен бюджет түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысына Жолдаудағы тапсырмаларға сәйкес Қор активтерін жекешелендіру бағдарламасы жалғаса беретіні туралы хабарланды. Бұл ретте, Қор мемлекеттік және жеке меншік мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында ірі және стратегиялық компаниялардағы өз үлесінің 51 және одан да көп пайызын бақылауды сақтап қалады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліні қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Егемен Қазақстан" газетінің ағымдағы қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндалды.

Дархан Қыдырәлі Президентке коронавирус пандемиясы кезінде қолға алынған жаңа жобалар туралы айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына Халықаралық Түркі Академиясының биыл атқарылған жұмыстары туралы да мәлімет берілді. Хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында ұлы ақынның аударылып, жарық көрген шығармалары, әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында өткізілген халықаралық ірі жиындар мен конференциялар, Алтын Орданың 750 жылдығы аясында жарық көрген жаңа кітаптар жөнінде толық ақпарат берілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы "Егемен Қазақстан" газетін заманауи талаптарға сай шығарып, Халықаралық Түркі Академиясының жұмысын одан әрі ілгерілете беруді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпкерлер құқын қорғау мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар мен отандық бизнесті қолдауға қатысты жоспар жайында баяндалды.

Рустам Жүрсінов Қазақстан Президентіне соңғы 4 жыл ішінде 25 мың өтініш қаралып, оның 43 пайызы оң шешілгенін, кәсіпкерлердің 197 миллиард теңге көлеміндегі мүліктік құқықтары қорғалғанын айтты. Бизнес-омбудсменнің айтуынша, санитарлық талаптарды сақтау жөнінде тәртіп әзірленді, кәсіпкерлердің, олардың жұмысшылары мен тұтынушыларының арасындағы жауапкершілігі айқындалды.

Мемлекет басшысына коронавирус пандемиясының отандық бизнеске тигізген салдары және кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөніндегі ұсыныстар туралы ақпарат берілді. Нақты айтқанда, еңбекақы төлеу қоры, жер қатынастары, салық мәселелері жан-жақты айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жер қатынастары мен еңбекақы төлеу қорына салмақ түсірмейтін жаңа реттеу саясаты жөніндегі өзгерістерді тиісті мемлекеттік органдар мұқият зерттеуі қажет екенін атап өтті. Президент "Бір көзден сатып алу" порталының тиімділігі мен ашықтығына жіті мән беру керек деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Жүрсіновке бизнеске қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың арту себептерін анықтауға, бақылау-қадағалау қызметін реформалауды әзірлеуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Мемлекет басшысы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяны қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы ақпарат берілді.

Күнсұлу Закарьяның мәліметіне сәйкес бүгінгі таңда институттың базасындағы бес платформада коронавирусқа қарсы вакциналар дайындалуда. Институт әзірлеген белсенді емес вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында мақұлданып, клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңінен өтті және қазіргі уақытта Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығында зерттеудің екінші кезеңі жүргізіліп жатыр.

Коронавирус індетіне қарсы әзірленіп жатқан отандық екінші суббірлікті вакцина ДДСҰ тарапынан мақұлданып, клиникалық зерттеулерден сәтті өткен. Бұл вакцинаның материалдары Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында қаралып жатыр.

Президентке Қазақстанда бұрын-соңды болмаған иммундық препараттар шығаратын зауыт құрылысы туралы да мәлімет берілді. Ғылыми-зерттеу институтында отандық вакциналар шығаратын зауыт құрылысы жүргізілуде. Зауыттың жобалық қуаты жылына 60 миллион мөлшерде вакцина шығаруға жетеді. Осы арқылы отандық нарықты ғана қамтып қоймай, оны экспорттауға да мүмкіндік туады. Аталған зауыт іске қосылған кезде еліміз импорттық тәуелділіктен арылады.

Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлеріне арналған тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру ұсынысын қолдады. Сонымен қатар кездесуде қызметкерлердің жалақысын көтеру, аталған салаға жас мамандарды көптеп тарту, нормативтік-құқықтық актілерге вакцинаны уақытша тіркеу түсінігін енгізу мәселелері қозғалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакциналарды дайындау ісіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны