29.05.2008, 17:53 3032

Мемлекет шетелдік жұмыс күшін әкелу мен оларды пайдалануды реттеудегі өзінің бақылаушылық қызметін күшейтуге тиіс - Бас прокуратура

Мемлекет шетелдік жұмыс күшін әкелу мен оларды пайдалануды реттеудегі өзінің бақылаушылық қызметін күшейтуге тиіс - Бас прокуратура

Астана. 29 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет шетелдік жұмыс күшін әкелу мен оларды пайдалануды реттеудегі өзінің бақылаушылық қызметін күшейтуге тиіс. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазіргі қалыптасқан жағдайда мемлекет шетелдік жұмысшы әкелу мен оларды пайдалануды реттеудегі өзінің бақылаушылық қызметін күшейткені жөн демекпіз. Алайда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беретін әкімдер қазіргі уақытқа дейін шетелдік инвесторларға жергілікті еңбек нарығын дамыту жөнінде қатаң талаптар қоймай отыр",- деді ресми өкіл.

С.Нұрпейісовтың айтуынша, "тексеру барысында прокурорлар көптеген шетелдік мамандарды негізсіз тарту жағдайларын анықтады. Сонымен қатар, жекелеген шетелдіктердің тиісті мамандығы да жоқ, ал кейбіреулері тіпті білімі туралы жалған құжаттармен жұмыс істеп жүрген болып шықты".

""Қазақстан-Қытай құбыры" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан Республикасы заңын білмейтін шетелдік заңгерін қабылдаған, ал сол уақытта еңбек биржасында 47 жұмыссыз қазақстандық заңгері тіркеуде тұрған. Ал Атырау облысының уәкілетті органы "Батыс мұнай" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне білімі туралы күмән келтіретін құжаттары бар 49 қытай маманын тартуға рұқсат берген",- деді бас прокуратура өкілі.

Оның айтуынша, "Қазақстандықтарға өздеріне қарағанда нашар еңбек жағдайын жасап отырған шетелдік компаниялардың басшылары жергілікті еңбек русурстарының біліктілігінің жетіспеушілігін немесе болмауын сылтауратады".

"Ал, шетелдік компаниялар келісім-шарт міндеттеріне қарай тәуелсіз еліміздің екінші онжылдық ағымында біздің азаматтарымыздың едәуір бөлігін қайта оқытып, шетел жұмысшыларды алмастыруға міндетті болған. Ал олар болса жергілікті тұрғындарды оңай үйретуге болатын ағаш ұстасы, арматурашы, дәнекерші және тағы басқа осындай мамандықтарға әлі күнге дейін шетел азамттарын тартады. Осы себепті шетелдік еңбек күшін тарту саны бойынша алда тұрған аймақтарда жыл сайын жұмыссыздық көрсеткішінің өсе түсуі байқалады".

"Бұдан шетелдік инвесторлар қазақстандықтарды оқытып жатырмыз дегенді желеу етіп біздің заңдарымыз бен өздеріне жүктелген келісім міндеттерін айналып өтуге тырысып отыр деген қорытынды жасауға болады",- деді С.Нұрпейісов.

Оның келтірген мәліметінше, мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша 2005 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін шетелдік жұмыс берушілер 105 мыңнан аса Қазақстан азаматын қайта оқытқан, ал 4,5 мыңнан төмен шетел маманы ғана алмастырылған. Нәтижесінде, жылдан жылға олар оқытқан жергілікті мамандар ешкімге керексіз болып қалуда.

Мұның бәрі шетелдіктер санының көбеюінен пайда болып отыр. Егер 2004 жылы 16 мыңға жетер-жетпес шетел маманы тартылса, 2008 жылы олардың саны 128 мың болып белгіленген.

"Қазақстандық жұмысшылардың конституциялық құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қамтамасыз етудің маңыздылығын назарға ала отырып прокуратура Қазақстан Республикасы премьер-министрі К.Мәсімовтің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізетін болады",- деді ресми өкіл.

Прокуратура органдары бүгінгі күні аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында шетелдік жұмыс күшін тарту жөнінде 5 шешімді қайтарып, 22 шешімнің күшін жойды, шетелдік инвесторлар және уәкілетті мемлекеттік органдар атына заң бұзушылықтарды жою туралы 127 ұсыныс енгізді. Икімшілік жауапкершілікке 245 лауазымды тұлға тартылды, осы тексеру барысында 4 мыңнан астам қазақстандық жұмысшының конституциялық құқығы қорғалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны