01.09.2006, 11:54 3265

Мемлекеттік аппарат корпоративтік басқару, ашықтық және қоғам алдында есеп беру принциптерінің негізінде ең озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жұмыс істеуі тиіс - президент

АСТАНА. 1-қыркүйек. Kazakhstan Today. "Біз мемлекеттік қызметті тұтынушылардың мүдделері барынша ескерілетін мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін жасайтын боламыз. Мемлекеттік аппарат корпоративтік басқару, ашықтық және қоғам алдында есеп беру принциптерінің негізінде ең озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жұмыс істеуі тиіс". Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін парламенттің үшінші сессиясының ашылуына арналған парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Сіздерді Парламенттің үшінші сессиясы жұмысының басталуымен құттықтай отырып, өткен сессия барысындағы жемісті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын.

Сіздер мемлекетіміздің алдына қойылған іргелі міндеттерді шешу және Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру мақсатын іске асыратын аса маңызды заңдарды қабылдауда айтарлықтай қызмет жасадыңыздар",- деді Елбасы.

Президенттің бағалауынша, "тұтастай алғанда, парламенттің екінші сессиясының жұмыс қорытындылары айрықша бағалауға лайық".

"Алайда, жеткен жетістіктерімізбен тоқтап қалуға болмайды. Алда бізді күрделі де маңызды заң шығару жұмыстары күтіп тұр",- деді президент.

Тәуелсіздік жылдары біз мемлекеттік құрылыста, әлеуметтік-экономикалық өркендеуде, түрлі этностар мен конфессиялар арасындағы келісімде әлем жұртшылығы таныған нәтижелерге қол жеткізіп, халықаралық қауымдастыққа толық хақылы мүше ретінде кірдік.

Мұның барлығы "Қазақстан - 2030" Стратегиясының шеңберінде атқарылған нақты да айқын іс-әрекеттердің, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған" ұйымшыл команданың және барша азаматтарымыздың жанқиярлық еңбегі мен ауқымды қоғамдық қолдауының арқасында мүмкін болды.

Соның негізінде біз басты мақсатымыз - Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына енгізуге кірісіп те кеттік. Наурыздағы Жолдауымда мен экономикамызды дамытудың басым бағыттарын баяндап берген болатынмын. Енді Үкіметтің осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізетін нақты іс-шаралар жоспары болуға тиісті.

Ирине, Жолдауда алға қойылған маңызды міндеттерді орындау үшін бізге іскер Үкімет қажет. "Қазақстан-2030" Стратегиясында мен дамуымыздың негізгі басымдылықтарының бірі ретінде ықшам әрі кәсіби Үкімет жасақтауды алға қойған едім. Қазір біз өтпелі кезеңді табыспен аяқтап, дамуымыздың жаңа сатысына қадам басқан кезде бұл міндеттің маңызы бұрынғыдан да арта түседі.

Сол себепті мен әкімшілік реформа жасау жөнінде бастама көтердім.

Германияның канцлері Отто фон Бисмарк 19-ғасырда айтқандай: "Қауқарсыз заңдар мен қарымды шенеуніктер арқылы елді басқару мүмкін болар-ау, алайда, қауқарсыз шенеуніктермен ешқандай заң да көмектесе алмайды".

Осы тұрғыда біз мемлекеттік басқаруды жаңартудың нақты жолдары мен оны одан әрі дамытудың іс-шараларын жасауымыз қажет.

Менің наурыздағы Жолдауымнан кейін бұл бағытта маңызды құрылымдық өзгерістер жасалды. Құрылымдық өзгерістердің мазмұны мен сапасына басты басымдылық берілуі керек, деді президент. Бұдан кейін Елбасы үкіметтің алдына қойлатын мақсат-міндеттерді тізбеледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны