23.02.2012, 13:55 3229

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында орын алған заң бұзушылықтар бойынша 262 қылмыстық іс қозғалды

"Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында орын алған заң бұзушылық фактілері бойынша 2010-2011 жылдары қаржы полициясы органдарымен 262 қылмыстық іс қозғалып, мемлекетке келтірілген залал 2,2 млрд. теңгеден асқан. Аталған мерзімде осы санаттағы 184 қылмыстық іс сотқа жолданып, 157 тұлға сотталды"

Астана. 23-ақпан. Kazakhstan Today - Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында орын алған заң бұзушылықтар бойынша 262 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қлмсқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

"Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында орын алған заң бұзушылық фактілері бойынша 2010-2011 жылдары қаржы полициясы органдарымен 262 қылмыстық іс қозғалып, мемлекетке келтірілген залал 2,2 млрд. теңгеден асқан. Аталған мерзімде осы санаттағы 184 қылмыстық іс сотқа жолданып, 157 тұлға сотталды", - деп мәлім етті ресми өкіл.

М.Жұманбайдың айтуынша, ең көп қылмыстар жұмыссыздықтың деңгейін төмендету және аумақтардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған "Жол картасы" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында анықталған. Соңғы 2 жылда осы салада 170 қылмыстық іс қозғалып, мемлекетке келтірілген залал сомасы 178 млн. теңгені құрады.

Мәселен, Ақмола облысы Целиноград ауданының бұрыңғы әкімі М.Мыңжановқа, оның бірінші орынбасары П.Ежовқа және "КазСтройпроект" ЖШС басшыларына қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Оларға "Жол картасы" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 71 млн. теңгені иемденген және ысырап еткен деген айып тағылуда.

Сондай-ақ, "Ауыз су" бағдарламасы аясында жасалған 73 қылмыстық іс анықталды, мемлекетке келтірілген шығын 484,5 млн. теңгені құрайды.

"Тұрғындарды қажетті мөлшердегі және кепілденген сападағы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған "Ауыз су" бағдарламасы бойынша қаржы полициясы органдарымен 2010-2011 жылдары 73 қылмыстық іс қозғалды, мемлекетке 484,5 млн. теңге залал келтірілген", - деді М.Жұманбай.

Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 3 жылға бас бостандығынан айыруға Ордабасы ауданы Құрылыс бөлімінің бастығы А.Тоқсабаев және 1,6 жылға бас бостандығынан айыруға "Темірлан" мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бұрынғы директоры М.Сәденов сотталды. "Сәденов "Ауыз су" бағдарламасы бойынша Ордабасы ауданының сумен жабдықтау жүйесіне жөндеу жүргізу кезінде "Салкын-2001" ЖШС-не 11,9 млн. теңгеге атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойған. Құрылыс актілеріне жалған мәліметтерді Тоқсабаев енгізген", - деді ол.

Сонымен қатар ресми өкілдің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыруға Күршім аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Е.Молдаханов сотталды. Ол 2010 жылы Құйған ауылында су құбырлары мен құрылыстарын қайта құру жұмыстары бойынша жалған жұмыс актілеріне қол қойған. Соның нәтижесінде мемлекетке 44,8 млн. теңге залал келтірілген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны