02.08.2006, 16:32 3207

Мемлекеттік қызметкерлердің санын азайту мен олардың жалақысын қосудың тиімділігін ел 2 жылдың ішінде сезінеді - вице-премьер

АСТАНА. 2-тамыз. Kazakhstan Today. "Егер біздің мемлекеттік қызметкерлердің санын азайту мен олардың жалақысын қосу жөніндегі ұсынысымыз қолдау тапқан жағдайда оны жүзеге асырудың нақты тиімділігін ел 2 жылдың ішінде сезінеді". Бұл туралы бүгін әкімшілік реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында республика үкімет басшысының орынбасары, экономика және бюджетті жоспарлау министрі Кәрім Мәсімов құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін өткен отырыс барысында әкімшілік реформалар жөніндегі комиссия ел президентіне үкімет пен мемлекеттік мекемелердің іс-қызметін модернизациялауға қатысты ұсыныстарды жолдады. Бұл ұсыныстар мемлекет басшысының атына жолданатын хатта баяндалып, қолдау сұралады. Атап айтсақ, "мемлекеттік мекемелердегі басқару деңгейлерін орта есеппен екі есе азайту; орталық мемлекеттік мекемелер мен оларға бағынышты мекемелік және аумақтық бөлімшелер мен жергілікті атқарушы билік органдары арасындағы қайталанатын функцияларды жою; мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелі ортаға беруді аяқтау; басқарушы органдар ретінде тәуелсіз реттеуші агенттіктерді құру; мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын еліміздегі ірі жеке меншік компаниялардың деңгейіне дейін көтере отырып оны нақты жұмыс нәтижесімен байланыстыру" жөніндегі ұсыныстар бар.

Сонымен бірге президентке жолданған хатта "бюджет қаржысын жұмсауда мемлекеттік мекемелерге артықша бостандық беру; барлық мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік қызмет көрсетудің салалық сапа стандарттарын енгізу; мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау үшін тұрғындар арасында тұрақты әлеуметтік сауалнамалар өткізу; шағын бизнес істері бойынша омбудсмен институтын құру; сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жүктелетін қылмыстық жауапкершілікті күшейту, саяси мемлекеттік қызметкерлердің реестріне ревизия жүргізіп, олардың санын қысқарту; орталық атқарушы билік органдарында статс-хатшы лауазымын енгізу" жөнінде де ұсыныстар айтылған.

Ұсыныстарға түсініктеме берген К.Мәсімовтың айтуынша, қазіргі әкімшілік реформалардың мақсаты - мемлекеттік секторды жеке меншік сектормен бәсекелесе алатын қабілетке ие болдыру, мемлекеттік мекемелердегі жұмысқа "ең таңдаулы мамандарды" тартуға саяды. "Қазіргі жағдаймен мемлекеттік қызмет жалақы мәселесі бойынша жеке меншік сектормен бәсекелесе алмай отыр. Сонымен бір уақытта үкіметтің иелігінде қыруар қаржы айналады. Сол себепті біз мемлекеттік мекемелердің басшылары мен министрлердің өз қолында белгілі бір мамандарға қосымша төлемдер жасауға мүмкіндік беретін ішкі бюджеттік қорлардың болуын қалаймыз",- деді вице-премьер.

Екінші жағынан , оның пікірінше, "түрлі функцияларды шұғыл әрі ұтқырлықпен атқарып шығу үшін кәсіби үкімет құрамы жағынан мейлінше жинақы болуға тиіс". Осыған байланысты әкімшілік реформалар жөніндегі комиссия мемлекет басшысының қарауына "мемлекеттік мекемелердердің басшыларына бюджеттік процестер барысында артықша дербестік беру" туралы ұсыныс жасап отыр. "Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, онда мемлекеттік мекеменің басшылығы үш жалақыға бір адамды жұмысқа алу керек пе, әлде бір жалақыға үш адам алу дұрыс па деген мәселе бойынша таңдауды өз еркімен жасау құқығына ие болады". "Бұл норма жетекшілерге жинақы әрі жоғары жалақы алатын аппарат жасақтауға мүмкіндік береді",- деді вице-премьер.

Оның айтуынша, "бұл мәселеге қатысты тәжірибені зерттеу үшін комиссияның жұмыс тобы осындай тәжірибені іске асырып отырған бірнеше елде болды". "Ойға алған мақсаттарды жүзеге асыру үшін заңнамаға біршама өзгерістер енгізу керек және оған уақыт қажет. Бірақ идеология ретінде бұл идея қолдау табады деп сенеміз және біз осы бағытта ілгерілейтін боламыз",- деді ол.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны