02.12.2022, 08:47 35676

Мемлекеттік органдарға үш күн ішінде Қазақстандағы ең осал ЖЭО мен жылу желілерін анықтау тапсырылды

Мемлекеттік органдарға үш күн ішінде Қазақстандағы ең осал ЖЭО мен жылу желілерін анықтау тапсырылды
Сурет: Depositphotos
Жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін нысандарды тексеру үшін жедел топтар құрылады

Астана. 2 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен қысқы жылыту маусымына дайындық жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін тексеру жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Отырыс барысында үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету жөніндегі жедел және жүйелі шаралар қарастырылды.

Жиын қорытындысы бойынша мынадай тапсырмалар берілді:

- үш күн ішінде барлық энергия нысаны кешенді, соның ішінде техникалық жағдайына қарай қауіптілік тұрғыдан топтарға бөлінсін. Неғұрлым осал жылу электр орталықтары мен жылу желілері бойынша меншік иелері, әкімдіктер мен министрліктер арасында бірінші кезекте атқарылатын іс-әрекет жоспары дайындалады;

- өңірлерде жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін нысандардың іс жүзінде дайындығын тексеру үшін жедел топтар құрылсын;

- Қаржы министрі мен Қаржылық мониторинг агенттігі әрбір заңды тұлғаның тарифтік сметасы мен инвестициялық бағдарламасына талдау жүргізіп, капиталды сыртқа шығару ықтималдығын тексерсін;

- уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын күшейтіп, жылумен және электрмен қамтамасыз ететін нысандардың меншік иелерінің жауапкершілігін арттыру үшін салалық заңдар мен заңға тәуелді актілерге енгізілетін өзгерістер әзірленсін.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Екібастұздағы жылу желілеріндегі ірі апаттан кейін орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы жылыту маусымына дайындығын тексеру үшін комиссия құрылған болатын. Комиссия қорытындылар мен ұсыныстарды 10 күннен кейін ұсынуы керек. Комиссия құрамына Бас прокуратураның, Жоғары аудиторлық палатаның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.

Сондай-ақ, басқа өңірлерде жылу желілеріндегі апаттарға байланысты жылумен қамтамасыз ету проблемалары байқалады.

ИИДМ деректері бойынша, Қазақстандағы жылу және сумен жабдықтау желілері 53%-ға тозған.

Үкімет, Президенттің тапсырмасы бойынша, проблемалы энергетикалық нысандарды мемлекет меншігіне беру мәселесін пысықтауда.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны