30.04.2010, 17:42 6423

Мемлекеттік сатып алулар бойынша тексерулер кезінде пара алған қаржылық бақылау органдарының бірнеше лауазымды тұлғалары жауапкершілікке тартылды

Мемлекеттік сатып алулар бойынша тексерулер кезінде пара алған қаржылық бақылау органдарының бірнеше лауазымды тұлғалары жауапкершілікке тартылды

Астана. 30 сәуір. Kazakhstan Today - Мемлекеттік сатып алулар бойынша тексерулер жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған қаржылық бақылау органдарының бірнеше лауазымды тұлғаларын қаржы полициясы органдары қылмыстық жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай кеше өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Қызылорда облысында облыстық қаржылық бақылау инспекциясының бас бақылаушы-ревизоры Б. Еденбаев 3 жылға бас бостандығынан шартты айыруға сотталды. Ол бопсалау арқылы Жосалы жол дистанциясының инженерінен тексеріс актісін анықталған бұзушылықтарды көрсетпеуі үшін 300 мың теңге пара алған. Ал, Жамбыл облысында облыстық қаржылық бақылау инспекциясының бас ревизоры А. Тәжімбетов 2 жыл бас бсотандығынан айыруға сотталды. Ол Рысқұлов ауданының мекемелерінің бірін тексеру кезінде 150 мың теңге көлемінде параны бопсалаған",- деді М.Жұманбай.

Оның айтуынша, сондай-ақ, еліміздің су жүйелерінің қызмет жасауын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды мемлекеттік сатып алулар бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстар анықталды.

"Оңтүстік-Қазақстан облысында Табиғат ресурстарын реттеу және пайдалану облыстық департаменті директорының бұрынғы орынбасары сотқа тапсырылды. Ол Ордабасы ауданындағы "Тұрсыпай" каналын тазалау бойынша жалпы сомасы 9,5 млн теңге жалған актілеріне қол қойған. Шын мәнінде аталмыш жұмыстар толық көлемде жасалмаған. Залал 1,7 млн теңгені құрады",- деді ресми өкіл.

"Осы облыста Табиғат ресурстарын реттеу және пайдалану облыстық департаментіннің су шаруашылығы бөлімінің бастығына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Оған Созақ ауданындағы "Сүйіндік" және "Жайылма" каналдарын тазалау бойынша жұмыстардың жалпы сомасы 7,9 млн теңгенің актілеріне қол қойды деген айып тағылған. Атқарылмаған жұмыстардың көлемі 1,7 млн теңгені құрады",- деді М.Жұманбай.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны