Система Orphus

Мемлекеттік сатып алулар саласындағы қылмыстардан 2009 жылы мемлекетке келтірілген залал 2 млрд теңгеден асты

30.04.2010, 13:03 2696

Астана. 30 сәуір. Kazakhstan Today - Мемлекеттік сатып алулар саласындағы қылмыстардан 2009 жылы мемлекетке келтірілген залал 2 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай кеше өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезіндегі заңдылықты қамтамасыз ету қаржы полициясы органдары қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Мәселен, ведомтво 2009 жылы аталмыш салада 380 сыбайлас жемқорлық қылмыс анықтаған, бұл 2008 жылдың осы уақыт көрсеткішінен 43,3%-ға артық.

Мемлекеттік сатып алулар саласындағы қылмыстардан мемлекетке келтірілген залал 2 млрд теңгеден асты",- деді М.Жұманбай.

Оның айтуынша, бұл саладағы қылмыстардың басым көпшілігі жергілікті басқару органдарының басшылары мен қызметкерлеріне қатысты болып шықты. Оларға қатысты 52 қылмыс анықталған.

"Қаржы полициясы органдарының статистикасы көрсеткендей, мемлекеттік сатып алулар бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 47% құрылыс саласында жасалған. Олар бойынша 246 қылмыстық іс қозғалған",- деді М.Жұманбай.

Мәселен, оның мәліметінше, "Оңтүстік-Қазақстан облысында 3 жыл бас бостандығынан айыруға Арыс қаласы әкімшілігі құрылыс бөлімінің бастығы М. Есмырзаев сотталды. Ол Арыс қаласындағы балалар бақшасының құрылысы бойынша мердігерден жобаны арзандату үшін 2,5 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған".

Сондай-ақ, агенттік мәліметінше, осы облыста 3 жыл бас бостандығынан айыруға Ордабасы ауданы әкімшілігінің құрылыс бөлімінің бастығы А. Тоқсабаев сотталды. Ол Төрткөл ауылындағы сумен қамтамасыз ету жүйесін қайта құру бойынша атқарылған жұмыстардың актілеріне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, мемлекетке 12 млн теңге залал келтірген.

"Павлодар облысында Павлодар қаласының құрылыс бөлімінің бастығы сотқа тапсырылды. Ол инженерлік жүйелер мен 2 тұрғын үйдің құрылысы бойынша атқарылған жұмыстардың көлемі артық көрсетілген актілеріне қол қойған. Мемлекет келтірілген залал 168 млн теңгені құрады",- деді М.Жұманбай

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім болып әлеуметтік объектілердің құрылыс саласы табылады.

"Павлодар облысында айыппұл төлеуге Қашыр ауданы құрылыс бөлімінің бастығы Н. Сәдуәқасов сотталды. Ол Қашыр орта мектебі бойынша атқарылған жұмыстарды қабылдап алу туралы көрінеу жалған актілерге қол қою арқылы мемлекетке 32 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген",- деді ол.

"Алматы облысында айыппұл төлеуге Алакөл ауданының құрылыс бөлімінің бастығы С. Оспанов сотталды. Ол Достық ауылындағы бала бақшаның құрылысы бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып, мемлекетке 32 млн теңгеден астам залал келтірген",- деді М.Жұманбай.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны